Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2021 жылдың 8 шілдесінде № 469 Үкіметтің қаулысымен "Тәуелсіздік ұрпақтары" атты грант тағайындау бойынша ережелер мен тұжырымдама қабылдады. Үздік отыз жобаға құны үш миллион теңгеден грант тағайындалатын болады.
Гранттың негізгі мақсаты – 14-29 жас аралығындағы белсенді, шығармашыл жастарға
- идеяларын жүзеге асыруға;
- қолда бар жобаларын дамытуға;
- ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізуге көмектесу.
Грант бойынша 5 негізгі бағыт белгіленді:
- Ғылым саласы. Ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды, зерттеулерді іске асыру;
- Мәдениет саласы. Мәдени мұраларды елге таныту. Халықтың ұлттық дәстүрлері мен төл өнерін ілгерілетуге бағытталған жобаларды дамыту;
- Ақпараттық технологиялар. Жаңа "IT шешімдер" мен осы саладағы тың жобаларды, оның ішінде стартаптар әзірлеу;
- Бизнес саласы. Бұл бағытта экономиканың басым секторларында жаңа бизнес идеяларды іске асыру;
- Медиа саласы. Жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент қалыптастыру.
"Грант жыл сайын дәстүрлі түрде тағайындалады деп жоспарланып отыр. Үміткерлердің үздік жобаларын таныстыру мақсатында жеңімпаздар белгіленеді. Комиссия орталық атқарушы органдар, азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар, грант бағыттары бойынша мамандар мен сарапшылардан жасақталады", – деді АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов.
Байқау екі кезеңнен тұрады:
- бірінші кезеңде уәкілетті органдар 19 шілдеден бастап 20 қыркүйекке дейін өтінімдерді қабылдайды;
- екінші кезеңде байқау өтінімдеріне баға беріліп, жеңімпаздар анықталады.
Комиссия отырыстары "ашықтық, айқындық" қағидатымен өтеді. Сондай-ақ, жеңімпаздарды анықтау процесі уәкілетті органның ресми әлеуметтік парақшасында тікелей эфир арқылы көрсетіледі.
Қажет құжаттар тізімі:
- өтінім (екі тілде қабылданады);
- жобаның сипаттамасы;
- жобаның бейнетаныстырылымы;
- шығындар сметасы;
- зияткерлік меншік туралы мәлімет.
"Тәуелсіздік ұрпақтары" атты қайтарымсыз гранттың берілу тәртібі және өтінімдерді қайда жіберу керектігі туралы ақпарат алдағы уақытта Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми аккаунттарында жарияланады.