Тікелей эфир

Тамара Дүйсенова тоғызқұмалақ ойынының атауын өзгертуге қатысты жауап берді

Ойын атауы өзгерту федерацияның да, басқа ұйымдардың да құзыретіне кірмейді, деді ол.

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың тоғызқұмалақ атауын "тоғызат" деп өзгерту жөніндегі ұсынысына жауап берді. 

Тамара Дүйсенованың айтуынша, ұлттың мәдени мұрасы болып табылатын мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойынының атауын өз қалпында қалдырған жөн. 

"Әлемдік тәжірибеде бірдей ойындардың, заттардың, құбылыстардың әр тілде әртүрлі атауларды кездестіруге болады. Мысалы, әлемде футболды ағылшындар "футбол", итальяндықтар "кальчо",  американдықтар "соккер" дейді. Зияткерлік ойынның бірі шахматты алсақ, оны бір елдерде "шатран", тағы бір елдерде "чесс", басқалары "шахмат" дейді. Түркі халықтарында да бірдей ойындар әр түрлі атаулармен аталады. Мысалы, қырғыз халқы "асық атуды" – "ордо", "күресті" – "алыш", "көкпарды" – "көк-бөру" деп атайды. Сонымен қатар "тоғызқорғоол" атауы қырғыз халқына, ал "мангала" аты түрік халқына тиесілі", – деді Тамара Дүйсенова.

Ол, сондай-ақ бұл ойын халықтың жадында және А. Краснов, Н. Пантусов, Б. Куфтин, Р. Карутц, М. Балақаев, Ә. Ақшораев, С. Аманжолов, С. Тілеубаев пен басқа да көптеген ғалымдардың еңбектерінде және Мұхтар Әуезовтың шығармаларында ойын "тоғызқұмалақ" деп аталатынын алға тартты. 


Оқи отырыңыз: "Ұлттық ойын атауы парламентке тиесілі емес". Бәйменов депутаттың тоғызқұмалақ атауын өзгерту ұсынысына жауап берді


Еске салайық, мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың ойын атауын "тоғызат" деп өзгерту туралы ұсынысы әлеуметтік желіде үлкен шу туғызды. Желі қолданушыларының басым бөлігі бұл ұсынысқа қарсы пікір білдірді. 

Серіктестер жаңалықтары