Мәжілісте Әлеуметтік кодекс жобасын таныстырған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова "Кәсіптік біліктілік туралы" заң жобасы әзірленгенін хабарлады. Бұл заң жұмыс күшінің дағдыларын арттыру үшін жұмыс істейді.
"Бүгінгі таңда дипломның болуы біліктілік деңгейінің көрсеткіші емес екенін мойындауымыз керек. Сондықтан жұмыс берушілердің көбісі нақты жұмыс өтілінің болуын талап етеді. Бұл жастардың жұмысқа орналасуына кедергі болуда", – деді министр.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, Қазақстанда ұлттық біліктілік жүйесін дамыту арқылы білім беру жүйесін жұмыс берушілердің талаптарымен байланыстыратын "Кәсіптік біліктілік туралы" заңның жобасы әзірленді. Оған сәйкес, білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің техникалық тапсырмаларына, яғни кәсіптік стандарттарына сәйкес әзірленетін болады.
Сондай-ақ, дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізіледі.
Сертификат практикада қажет болатын білімі, еңбек дағдысы мен біліктілігін бағаланып барып беріледі. Оны тек формалды ғана емес, сонымен қатар формалды емес және информалды білімі бар адамдар да алады.