Алакөлде алапат өрттен зардап шеккен кәсіпкерлер биліктен көмек сұрады. Олардың айтуынша, көлдің басында бірнеше өрт сөндіру депосы болғанда, мұндай шығын болмас еді. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Кәсіпкерлер демалушылардың қауіпсіздігіне жүрдім-бардым қараған шенеуніктердің кесірінен жылдар бойы маңдай термен тұрғызған кәсібімінен айырылғандарын айтып отыр. Сондықтан, олар күлге айналған демалыс орындарын тез арада қалыпқа келтіріп беруді талап етеді.
Күніне 20-30 мың адам суға түсетін көлде құтқаруға арналған 2 қайық қана бар. Ал өрт сөндіру көлігі біреу. Соның кесірінен өткен аптада көл жағалауында қаз-қатар тізілген демалыс орындары бірінен соң бірі өртенді, дейді кәсіпкерлер. Ең сорақысы, тұтанған отты өшіруге шалғайдағы аудандардан тартылған өрт сөндіргіштер тек түн ортасында бір-ақ жеткен.
Оқи отырыңыз: Алакөлдегі өрт кезінде қандай демалыс орындары зардап шекті?
"Қауіпсіздік шаралары сақталған болса, мұндай күй кешпеген болар едік. Өрт жарты сағат, не 10-15 минут ішінде сөнер еді. Келген өрт сөндіру машиналарының шлангілері жыртық. Одан су ақпай, ал шлангісін қосып жатқанда оның ішінде суы жоқ болып шықты. Ал бұл уақытта өрт таралып, басқа аумақтардың бәрін жалмап кетті", – дейді кәсіпкер Мәрия Жүніс.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер Алакөлдегі арбаттың бойында өртенген демалыс орындарына өрт сөндіру көліктері блок бекеттерден кіре алмай сағаттап уақыт жоғалтқанын айтады. Ал аудан әкімдігінің мамандары олқылықтарды мойындағанымен, мәселенің бірден шешілмейтінін айтып отыр.
"Бұл жерде расында өрт сөндіру депосының жетіспейтіні рас, ол мәселені біз осыдан үш жыл бұрын жобалық сметамызды жасап, жер мен қаражат сұрап келеміз. Үкімет шамасына карай бөлінеді деп отыр", – дейді Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар Хамитов.
Ал кәсіптері құрдымға кеткендер егер көл жағасында қауіпсіздік сақталып, өрт сөндіру депосы болса миллиардап шығынға батпас едік дейді. Сондықтан, олар биліктегілерден өртенген демалыс орындарын жаз бітпей қалпына келтіріп, бар шығынды өтеп беруді талап етеді.