Биылғы қуаңшылықтан ауыл шаруашылығы қатты зардап шегіп, шаруаларға шаш етектен қиындық тудырды. Әсіресе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жағдай тіптен ушығып, жұт жайлады. Бір түйір азық таппаған мал жаппай қырылып қалды, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қазірдің өзінде Қызылорда облысына экологиялық апат төніп тұр. Биылғы аптап пен Сырдария өзені деңгейінің түсіп кетуінен аймақтағы 17 көл тартылып қалған. Қызылордада экологиялық апат. Тек биылдың өзінде былтырғымен салыстырғанда Қызылорда облысы аумағына Сырдария өзені арқылы келетін судың мөлшері бірден 2 миллиард 400 миллион текше метрге дейін түсіп кеткен. Яғни өзендегі су мөлшері биыл жылдағыдан 35 пайызға аз. Оның үстіне осы жазда өңірде күн қатты ысып, кей аудандар бір тамшы жауынға зар. Ал соның кесірінен аймақтағы белгілі 207 көлдің 17-сі тартылып қалған.
Эколог Сайлаубай Жұбатыров бұған дейін болмаған бұл жағдайға бей-жәй қарамау керек екенін айтады. Оның сөзінше, Сырдарияның төменгі жағындағы облыс аумағына соңғы жылдары судың аз келуі, трансшекаралық өзеннің бастауындағы көрші елдердің қолдан істеп отырғаны болуы мүмкін. Сондықтан бұған билік баса назар аударғаны дұрыс дейді. Әйтпесе көлдер толық құрғап, егістіктен де, жайылымнан айырылып қалу қаупі бар дейді.
Облыс бойынша 207 көлдің тартылып қалған 17-сі төрт ауданның территориясында орналасқан. Олардың 3-еуі Жалағашта, үшеуі Сырдария ауданында. Ал суы азайып қалған тағы екі көл Жаңақорған ауданының аумағында. Сонымен қоса Шиеліде 9 көл толық құрғап қалған. Ал әкімдіктегілер өзен арнасындағы судың қазіргі деңгейі көлдерге құюға жетпей жатқанын айтады.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: