Қаладағы барлық алаңдар мен орталықтарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
"Арбат" алаңында Шымкент қалалық Мәдениет басқармасына қарасты музей, кітапхана, театр ұжымдары Республика күніне орай ұйымдастырылған көрмеге қатысып, тақырыптық көрнекіліктерін қалың көпшілікке таныстырды.
– Республика күні биыл ұлттық мереке мәртебесін алып, ерекше аталып отыр. Бүгін Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің мамандары құнды құжаттар мен деректерімізді көрмеге әкеліп отырмыз.Оның ішінде музейдің бастамасымен жарыққа шыққан "Ақ жол", "Шолпан" еңбектері бар. Ұлттық мерекенің ұлықталып, халықтық тойға айналғаны қуантады. Барша шымкенттіктерді мерекемен құттықтаймын, – дейді бұқара халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің маманы Забира Мұратбекова.
Салтанатты жиында Шымкент қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты. Білекті азаматтар қол күресіп, мықтылары қошқар көтеріп, өз бақтарын сынады. Ал, жасөспірімдер асық ойнады. Қала дәмханалары мен кондитерлік үйлері өз дәмдерін ұсынды.
"Шымкент келбеті"