Шымкенттің Тұран ауданындағы №73 мектеп басшылығына қатысты ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық прокуратура хабарлады.
Шымкент қаласы Тұран ауданының прокуратурасы тексеру барысында 6 843 837 теңге сомадағы бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтады.
«Бұл ақшалай қаражат 2022-2023 жылдар аралығында №73 орта мектепті ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, ғимаратты жылытып ұстау үшін көмір жеткізуге бюджеттен бөлінген. Одан бөлек, жұмыс атқармаған 2 «қызметкерге» ай сайын еңбекақы төленіп отырғаны белгілі болды», – деп жазылған хабарламада.
Оқи отырыңыз: Павлодар облысында балабақшаның бұрынғы директоры мен есепшісі 62 миллион теңге жымқырды деген айыппен сотталды
Аудан прокуратурасы мектеп басшылығына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.