Тікелей эфир

Шымкентте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай "40 мысал, 40 мақал" көшпелі әдеби тіл керуені өтті

Шара барысында мемлекет және қоғам қайраткерінің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ақынның шығармалары оқылды. 

Шараға мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов және зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Қала басшысы бүгінде қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы А. Байтұрсынұлының атында көше, мектеп және ескерткіш бар екенін атап өтті. Сондай-ақ шаһарда өскелең жастардың бойына Алаш қайраткерлерінің рухын сіңіру үшін мақстаында бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. 

Мұрат Әйтенов,  Шымкент қаласының әкімі: "Қазақ даласына терең біліммен қатар, саяси еркіндік қажет екенін терең түсінген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге, дербестік жолындағы күрескерге айналды.  Алты алаштың қамы үшін Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов секілді ұлт зиялыларымен бірге, ол заманда шашыраңқы жүрген қазақ жұртының етек-жеңін жинап, “Қазақ” атауымен газет шығарып, ұлтты ұйыстыруға жұмылды. Ол замандағы қайраткерлердің қайсарлығы мен ұлтжандылығы бүгінгі ұрпаққа – бізге үлгі-өнеге. Өскелең жастардың бойына Алаш қайраткерлерінің рухын сіңіру үшін өткен жылы Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаштың жеті арысына арналған ескерткіш кешенін Орталық саябаққа орнаттық".

Биыл Шымкенттегі балабақша, мектеп, колледжер мен университеттерде Байтұрысынов-тануға арналған ашық сабақтар ұйымдастырылып жатыр. Өйткені, өз замандағы қайраткерлердің қайсарлығы мен ұлтжандылығы бүгінгі ұрпаққа – бізге үлгі-өнеге. Сондықтан, ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі әрі бірегейі Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойын атап өуге Шымкенттіктер бір кісідей ат салысып жатыр. 

 Гүлмира Серікбаева,  Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін музей директорының орынасары: "Биылғы жыл ұлт ұстазы, Алаштың асыл перзенті, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың 150 жылдығына байланысты түрлі іс-шаралар, еске алулар болып жатыр. Бұл арқылы біз Алаш ардақтылары алдындағы ұрпақ парызын өтей отырып, тарихқа тағы бір терең көз жүгіртеміз. Сол заманда болған зұлматты, қазақтың басынан өткен нәубетті және біздің бабаларымызды ұмытуға ешкімнің қақысы жоқ. Сол кезеңдегі жағдай қайталанбасын, оны тек музейден ғана келіп көріңіздер!"

 Қалалық мәдениет басқармасы ұлы тұлғаның есімін ұрпақ жадында сақтау мақсатында өтетін мерекелік кештер алдағы уақытта да жалғасын табады дейді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары