Тікелей эфир

Шымкент автобустарында қолма-қол төлем жасау мүмкіндігі жойылады

Электронды төлем құны – 70 теңге.

Шымкент әкімдігінің қаулысымен қаладағы қоғамдық көлікпен жүру ақысының бірыңғай тарифі (70 теңге) белгіленді. Яғни, енді төлемді тек электронды жолмен – ұялы байланыс операторы, көлік және банк карталары, сондай-ақ мобильді қосымшалар көмегімен ғана жасауға болады. Ал қолма-қол төлем жасау мүмкіндігі жойылады. 

Бұл туралы Ашық НҚА порталындағы қаулы жобасынан белгілі болды. 

Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының түсіндіруінше, қолма-қол төлем жасау автобус жүргізушісін алаңдатады, сәйкесінше ол жолаушылар мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Сондай-ақ, қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол жүру ақысын төлеу жөніндегі талаптары жанжалдарға жиі әкеп соғады. Олар физикалық қол жұмсауға ұласады. 

"Осыған орай, қоғамдық көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты факторларының бірі қолма-қол ақшамен жол жүру ақысын алып тастау және жолаушылардың жол ақысын төлеуін бақылауды күшейту болып табылады. Осылайша, қоғамдық көлік жүргізушісі қолма-қол ақша жинауға мүдделі болмайды және қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, көлік құралын басқарудың тікелей лауазымдық міндеттерін орындайды", – делінген басқарманың түсіндірме жазбасында. 

Еске салайық, биылғы ақпанда басқарманың жолақыны 100 (электронды төлем) және 200 теңгеге (қолма-қол төлем) арттыру туралы бастамасы қала тұрғындарының наразылығын туғызып, бұл жөніндегі құжат жобасы Ашық НҚА порталынан жойылған болатын. Ал қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәслихаттың алдағы наурыз сессиясының күн тәртібіне жол жүру құнын ұлғайту туралы мәселені шығармауға шешім қабылдады. 


Оқи отырыңыз: Шымкентте қоғамдық көлікпен жүру ақысы өседі


 

Серіктестер жаңалықтары