"Шығыстың шырқын ұрылар бұзып тұр" – ІІМ мен Бас прокуратура қосымша тексеру жүргізеді

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Қатонқарағайдағы биылғы мал ұрлығы бойынша екі адам қамауға алынды.

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың сауалына орай, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов ШҚО Қатонқарағай ауданындағы мал ұрлығы бойынша жауап берді. 

Оның сөзінше, соңғы 10 жылда өңірде мал ұрлығының деңгейі айтарлықтай төмендегені байқалады (2015 жылы – 503; 2016 жылы – 477; 2017 жылы – 472; 2018 жылы – 407; 2019 жылы – 376; 2020 жылы – 115; 2021 жылы – 86; 2022 жылы – 75; 2023 жылы – 51; 2024 жылы – 35). 

"Жазаның бұлтартпастығы қағидатын іске асыра отырып, соңғы 5 жылда 309 мал ұрысы және осы қылмыстарға қатысы бар 40-қа жуық қылмыстық топ ұсталды және қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар 2028 бас малды ұрлаған, оның яғни жартысынан астамын (1108) полиция қызметкерлері жәбірленушілерге қайтарған. Өткен жылы осындай қылмыстар үшін 25 қылмыскер, оның ішінде мал ұрлығы фактілеріне қатысы бар 3 қылмытық топ ұсталды. 70 млн астам сомаға залалды өтеу қамтамасыз етілді (келтірілген 87 млн теңге)", – деді Бауыржан Әленов. 


Оқи отырыңыз: "Шығыстың шырқын ұрылар бұзып тұр". Депутат мал ұрлығы мәселесін көтерді


Ішкі істер министрлігінің статистикалық деректері бойынша Қатонқарағай ауданында ұрлық фактілерінің өсуімен байланысты жедел жағдайдың шиеленісуі байқалмаған. Мәселен, 2020-2021 жылдары бұл ауданда 21-ден 28-ге дейін мал ұрлығы фактісі тіркелсе, 2023-2024 жылдары олардың саны сәйкесінше 3 және 4 фактіні құрады. 

"Биылғы қаңтарында Қатонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылы тұрғындарының өтініші бойынша тиісінше жедел ден қою қамтамасыз етілді. Облыстық полиция департаменті басшылығы және арнайы жедел-тергеу тобы оқиға орнына барып, тиісті тексеріс жүргізді. Олардың уәждері бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды және жүргізілуде, оның шеңберінде мал ұрлығын жасауда күдік бойынша осы ауданның екі тұрғыны ұсталды. Соттың санкциясымен олар қамауға алынды", – деді Бауыржан Әленов.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары