
Шығыс Қазақстан облысында арнайы мектеп-интернаттың балалары далада үсіп қалған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сарышұнақ аязда сырт киімсіз жүрген жасөспірімдер мамандандырылған мекемеден қашып шыққан екен. Қатты тоңып қалған жеткіншектер интернат қызметкерлері күн көрсетпегендіктен осындай қадамға барған көрінеді.
Бұл Серебрянск қаласындағы девиантты мінез-құлықты балалар жатып оқитын мектеп-интернатының тәрбиеленушілері. Видео авторы олардың көшедегі қоғамдық дәретханада жасырынып отырғандарын айтады.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жоғары сыныптың төрт оқушысы кешкі сағат 8-ге таман төтенше жағдайға арналған қосымша есік арқылы мекемеден қашып шыққан. Ұлдар төрт сағаттан кейін даладан табылыпты. Қатты суықта дірдектеп тоңып қалған жеткіншектер әртүрлі дәрежедегі үсік алған. Қазір екеуі ауруханада жатыр. Қалғаны медициналық тексерістен кейін интернатқа қайтырылыпты. Осы оқиғаға қатысты полиция тексеріс жұмыстарын бастады. Балалардың интернаттан не себепті қашып кеткені анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұл мамандандырылған мекемеде жалпы саны 40 оқушы білім алады.
"Біріншіден, мұндағы балаларға белгілі бір шектеулер бар. Оларға бұл қиынға соғуы мүмкін. Екіншіден, бұл жабық мекеме болғандықтан, қызметкерлер қандай да бір заңсыз әрекеттер жасауы да ықтимал. Біз жеткіншектермен сөйлесіп, мән-жайды біліп жатырмыз. Бірақ қалай болғанда да балалардың құқығы бұзылған деп санаймын", – деді ШҚО бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аксана Каленова.