МСАК бойынша штаттан тыс бас маман, 5-емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина шұғыл көмекті қажет ететін пациенттер дәрігерге кезексіз қарала алатынын айтты.
"Адам емханаға келіп, ЭКГ тапсырып, невропатологқа барып, рецепт алып, барлық маманға қарала алады. Ал мұндай шаруаны кезексіз бітіру мүмкін емес шығар. Біріншіден, дәрігердің қабылдауын, келушілер санын реттеуіміз керек. Қалай болғанда да адамдар сағаттап кезекте тұрмай, келетін уақытын білуі қажет. Министрлік күрмеуі шешілмеген мәселелерді қарап, шағымдардың ең көбі емханаларда кезекте тұруға байланысты екенін анықтады. Пациенттер 10 күндей, кейде айлап кезегін күтеді", – деді Алтыншаш Табулдина Орталық коммуникациялар қызметі алаңында.
Оның сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл көмек қажет ететін пациенттер міндетті түрде "жасыл дәлізден" өтіп, дәл сол күні дереу көмек алуы керек деп шешкен. Бұл үшін науқастың жағдайы қандай екенін анықтайтын алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарындағы фильтр кабинеттер бар.
"Көп нәрсе емханада жұмысты ұйымдастыруға және нормалар мен ережелерді сақтауға байланысты. Өкінішке қарай, учаскелік дәрігер пациенттерді қабылдауға, тиісті назар аударуға, тексеру жүргізуге және қажет ететін тексерулерге уақтылы жіберуге үлгермей жатады. Мұндай проблемалар, кадрлар мен мамандардың біліктілігінде де мәселелер бар екенін жасырмаймыз. Емханаларда шұғыл көмекті қажет етпейтін емделушілер үшін жоспарлы қабылдау жүргізілуі тиіс", – деді дәрігер.