Тікелей эфир

"Сүріп тастау керек". Түркістан облысында оқушылар апатты мектепте білім алуға мәжбүр

Техникалық сараптама мамандары нысанды апатты деп танып, сүріп тастау туралы қорытындыға келген.

Түркістан облысындағы Жеті қазына ауылының балалары жаңа оқу жылында "апатты" деп танылған мектепке баратын болды. Оқушылардың өміріне қауіп төніп тұрса да аудандық білім бөлімінің басшылығы осындай тәуекелге бел буып отыр. Осыдан 10 жыл бұрын қоңыраулатып, пайдалануға берілген Жетісай ауданындағы Әбілхан Қастеев атындағы жалпы орта мектебі 250 орынға арналған. Қазір білім ошағы қазір опырылып қалуға шақ тұр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Қирай бастаған нысаннан қауіптенген мектеп басшылығы алғашында мектептің бір бөлігін жауып тастап, екінші жартысында білім беруге мәжбүр болған. Ал бүгінде бұл мектеп мүлде жарамсыз жағдайға түсіпті. Шатырдан су кетіп, іргетасы шөккен. Бұл мәселені көтеріп, ұжымның бармаған жері қалмаған.

"Мектептің іргетасы жарты метрге отырды. Қабырғалар сөгіліп, жарылып жатыр. Бір жерін жамасақ, екінші жері кетіп жатыр. Ол жерді жамасақ, басқа жағы кетеді. Кейбір бөлмелерге барсаңыз, көп ашылып кеткен", – деді мектеп жұмысшысы Молдатілеу Санаев.

Ауыл жұрты мектеп әу баста сапалы салынбаған, құрылысқа ат үсті қараған мердігердің шала біткен жұмысын жауапты шенеуніктер де көз жұмып қабылдай салған деп отыр.

"Мына жердің астында іргетасы жоқ. Мұны дәу-дәу холл ұқсатып істеп, ортасынан жарты қыштан өріп шыға салған. Мына фундаментті құйып жатқанда да арасына арматураны кем салды", – дейді ауыл тұрғыны Нұрқозы Мәмбетов.


Оқи отырыңыз: Оқу-ағарту министрі 50 жылдан ескі мектептерге техникалық аудит жүргізуді сұрады


Білім ұясының басшылығы биыл техникалық сараптама жасатқан. Мамандар нысанды апатты деп танып, сүріп тастау туралы қорытындыға келген. Бірақ білім бөлімінің басшылығы балаларды осы апатты мектепте оқытуға бел буып отыр.

"2022 жылғы шілде айында алынған техникалық қортындыда бұл мектепті апатты жағдайда деп таныды да, жөндеу жұмыстарына өте көп қаржы кететінін және соған орай оны апатты деп тану туралы шешім қабылданған. Мердігер тарапынан қазір жөндеу жұмыстары аяқталған жағдайда мектепке біз оқытатын боламыз", – деді Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев.

Ал бауылдағы ата-аналар апатты мектепті ағымдағы жөндеуден өткізгенімен, қауіпті сейілмегенін айтады. 

Серіктестер жаңалықтары