Аймақтарда түрлі деңгейдегі 29 төтенше жағдай режимі енгізілген, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық абғдарламасы.
Әсіресе, Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарына қызылсудан төнер қатер көп. Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерінде ішінара су басу қаупі сақталып отыр. Мәселен, бүгінге дейін Жылыой ауданынан 35 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Ал, жалпы апат аймағынан эвакуацияланған халық саны 88 мыңға жеткен.
Су тасуы ықтимал өңірлерде мыңдаған үйдің қараусыз қалған. Мүліктерді күзету үшін полицейлер 45 елдімекенді бақылауға алған. Әрі, апат салдарынан баспанасынан айырылған ел жаңа үйлерге қоныстанатын болды. Ол үшін құрылыс министрлігінің жанынан жедел штаб құрылып, жаңа тұрғын үй салуды көздейтін кешенді іс-қимыл жоспары әзірленген. Соның аясында, тұрғын жайлардың екі эскизі дайындалып отыр. Біріншісі, 80 шаршы метрлік 3 бөлмелі баспана. Келесісі, жалпы ауданы шаршы 160 метр болатын екі пәтерлі тұрғын үй. Енді бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілуі керек. Сол арқылы өңірлерде типтік-жобалық құжаттама негізінде жұмыс жүргізуге мүмкіндік тумақ. Десе де, республикалық штаб өкілдері қауіптің беті қайтқан жоқ екенін айтты.
Оқи отырыңыз: Тасқын су індет жұқтырған малдардың өлексесі көмілген қорымдарды шайып кетті
«Шығыс Қазақстан облысындағы бес ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 62 пайызды құрады. Олардың барлығы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Осы аптада мұнда су тасқыны болады деп күтілуде. Барлық жауапты қызметтер максималды дайындық режиміне ауыстырылды», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.