Тікелей эфир

Су тасқыны: Үкімет мектептерді қалпына келтіру үшін 7,5 млрд теңге қаражат бөлді

Бұған дейін су шайған жолдарды жөндеу үшін 22,7 млрд теңге бөлінген.

Үкімет көктемгі су тасқынынан зардап шеккен білім беру мекемелері мен ұйымдарын қалпына келтіру үшін төтенше резервтен 7,5 млрд теңге бөлді.

Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.  

"Қалпына келтіру жұмысы еліміздің үш өңірін – Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарын қамтиды. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 7,5 млрд теңге. Бұл қаражат бүлінген нысандарды қалпына келтіруге, сонымен қатар қираған нысандардың орнына жаңа білім беру мекемелерін салуға жұмсалады. Қостанай облысында Жангелдин ауданындағы Айса Нұрманов атындағы мектеп ғимаратын жөндеу жоспарланған. Ақмола облысында Атбасар қаласында №1 мектеп, Атбасар ауданы Сергеевка ауылында "Есіл" сауықтыру кешені, сонымен қатар Державинск қаласында Абай атындағы мектеп салынады. Ақтөбе облысында Көтібар батыр атындағы мектеп және Мұғалжар ауданындағы "Балауса" балабақшасы, Ойыл ауданындағы "Балбөбек" мектеп-бақшасы мен балабақшасы, Екпетал мектебі қамтылады", – делінген құжатта.  

Бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдарға бүлінген ғимараттарды алдағы оқу жылы басталғанға дейін уақытылы қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл – білім беру процесінің үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етеді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары