Студенттер 2023-2024 оқу жылынан бастап оқу ақысын төлеу үшін банктен 2-3 пайыздық кредит ала алады, деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет кулуарында. Оның айтуынша, қазіргі таңда министрлік Қазақстанда бұрын қолданыста болған қаржыландыру және несие беру модельдерін қарастырып, зерттеп жатыр.
Саясат Нұрбек студенттер несиені өз атына рәсімдей алатынын айтты. Несиені екінші деңгейлі банктер береді.
Оқи отырыңыз: Стипендия 5 мың, ал оқу ақысы 80 мың теңгеге артты. Студенттер қалай күн көреді?
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында оқу ақысын өтеу үшін мөлшерлемесі аз несие берілетінін айтқан еді.
"Оқуға жылдық 2-3% жеңілдікпен несиелер де берілетін болады. Көрсетілген шаралар жоғары білімді неғұрлым қолжетімді етеді, сондай-ақ, қоғамда әріптестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.