Кәсіби санатты иелену үшін мұғалімдер жазатын эссеге баға қойылмайды, деп мәлімдеді Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова.
"Биылдан бастап енгізілген эссе жазудың мұғалімдер арасында көптеген сауал туындатып отырғанын білеміз. Эссе мұғалімнің белгілі бір тақырыпқа байланысты өз ойын тұжырымдап, айтып жеткізуге және шоғырландыруға бағытталған. Ол көлемі 250-300 сөзден аспайтын жазбаша жұмыс және өзінің көлемі аз екенімен ерекшеленеді", – деді Шолпан Қаринова.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Мектеп пен балабақшаларда жаңа жылдық жиындар өткізуге тыйым салынады
Мұнымен қатар, бірінші вице-министр мұғалімдерге эссе жазуға қатысты қатаң талаптар болмайтынын ескертті.
"Белгілі бір шектеулер, кіріспе сөзі негізгі бөлігі деген сияқты бөлімдері болуы тиіс деген жоқ. Бар болғаны мұғалім берілген тақырыпқа қатысты ойын қаншалықты түсінетініне қарай жеткізеді. Кәсіби санат беруде эссе ешқандай рөл ойнамайды, оған баға да қойылмайды. Бұл тек мұғалімнің көзқарасын білу үшін қажет. Эссе ұлттық кәсіби тестілеудің белгілі бір құрамдас бөлігі", – деді Шолпан Қаринова.