Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ахуалды тұрақтандыру жөніндегі бастамасына қатысты түсініктеме берді.
“Ақ үйдің Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату, кепілге алынған адамдарды босату, гуманитарлық көмекті қамтамасыз ету, сонымен қатар халықаралық қоғамдастықтың қолдауымен Газа секторын қалпына келтіру жайлы негізгі ережелерден тұратын бейбітшілік бастамасын құптаймыз. Ұсынылған шаралар жүзеге асырылған жағдайда, олар бейбіт тұрғындардың қазасы мен құрбандар санын тоқтатуға мүмкіндік береді, сонымен қатар өңірде бейбітшілік орнауының алғышарты бола алады деген үміт білдіреміз”, – делінген хабарламада.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі ұзақ жылға созылған қақтығыстың жалғыз шешімі ретінде «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде астанасы Шығыс Иерусалим деп белгіленген Палестина мемлекетін құру туралы Қазақстанның мызғымас ұстанымын растаған.