Осылай деген жергілікті билік өкілдері "Бәйдібек би" даңғылы мен "Арғынбеков" көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Үш деңгейлі жолайрық 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Бұл аталған көшелерде көлік кептелісін болдырмауға зор септігін тигізеді дейді жауаптылар.
Жұмыс барысының кезеңдік кестелерге сәйкестігі мен сапасын тексеру мақсатында шаhар басшысы Мұрат Әйтенов құрылыс нысанын аралады. Бірқатар ескертулер жасап, ел игілігіне берілетін нысан сапасының маңыздылығын атап өтті.
Жолайрықтың техникалық сипаттамасына сәйкес, "Бәйдібек би" даңғылында 700 м., "Арғынбеков" көшесінде 921 м. көше аралығында құрылыс жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер жолағы және веложол төселеді деген жоспар бар.
Қазіргі уақытта "Арғынбеков" көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал "Бәйдібек би"даңғылында көпір өткелінің конструкциялары орнатылып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, жолайрықтың “Бәйдібек би” даңғылы бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған еді. Ал тамыз айының 31 күні көлік кептелісін азайту мақсатында бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша қайта ашылды.
Ал Арғынбеков көшесі қазан айының 30-нан бастап көлік қозғалысына ашылады деп жоспарланып отыр.