Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі шетелдік көліктерді Қазақстанға әкелу және елде пайдаланудың жаңа ережесін әзірлеп, Ашық НҚА порталында қоғам талқысына ұсынды.
Жаңа жоба бойынша Қазақстанға көлік әкелу тәртібін қысқаша түсіндіреміз.
Қазақстанға көлік әкелу. Қазақстанның шекарасына дейін әкелінген автокөлікті екі орган: ҚР аумағына кіруді бақылау саласындағы уәкілетті орган және ҚР аумағына тауарларды әкелу саласындағы уәкілетті орган тексереді.
Біріншісінің құзырына автокөлікті тіркеу, құжаттарды тексеру мен шекаралық бақылау нәтижелерін ақпараттық жүйеге енгізу, ел аумағына кіргізуге рұқсат беру не одан бас тарту жатады.
Екінші аталған орган автокөліктің кіруін (әкелуін) тіркеуді, тиісті құжаттардың болуын тексеруді, кедендік бақылау мен кедендік декларациялауды жүзеге асырады.
Қандай құжаттар талап етіледі? Қазақстанға автокөлік әкелуші адамда келесі құжаттар болуы тиіс:
- көлікті, тіркемені тіркеу туралы куәлік;
- көліктің тіркеу нөмірі;
- мемлекеттің айрықша белгісі;
- көліктің тану белгісі;
- көліктің техникалық байқаудан өткенін растайтын құжат;
- міндетті сақтандыру шарты.
Оқи отырыңыз: ІІМ заңдастырылмаған шетелдік көліктер туралы: Не елден шығарады, не бөлшектеп сатады
Құзырлы органдар келесі жағдайларда автокөлікті Қазақстанға кіргізуден бас тартады:
- халықаралық іздестірудегі көліктер;
- жарамсыз тіркеу құжаттары және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көліктер;
- тораптар мен агрегаттардың нөмірі жасырылған не өзгертілген, жалған көліктер;
- көлікті таңбалаудың және оның техникалық және сәйкестендіру сипаттамалары тіркеу құжаттарында көрсетілген деректермен сәйкес келмеген көліктер;
- ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде мемлекеттік тіркелуі КҚЭП жүйесінде автокөлік құралының электрондық паспортының тиісті деректерімен расталмаған көліктер;
- Көліктің иесімен ҚР аумағына автокөлік құралын тасымалдау туралы қызметтер көрсетуге арналған шарт жасалмаған көліктер.
Құжат жобасы 18 қаңтарға дейін талқыланады.