Қазақстан мектептеріне келіп сабақ бергісі келетін қандастар арнайы емтихан мен біліктілік тестін тапсырады. Оларға ешқандай шектеу жоқ, деді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Qazaqstan арнасына берген сұхбатында.
"Өзбекстан Республикасында мұғалім болып жұмыс істеймін. Жұмыс өтілім – 13 жыл. Ұлтым – қазақ. Қазақстан Республикасына көшіп барып, жоғары санаттағы мұғалім болып жұмыс істей аламын ба?" – деп сұрады Зарухан Қалжанова.
Министр өз кезегінде қандастарға еш кедергі жоқ екенін айтты.
"Әрине, жұмыс істей аласыз. Оған ешқандай кедергі жоқ. Бірақ мұғалім болып келген кезде міндетті түрде емтихан тапсыру керек болады. Шетелдегі қандастардың басқа мемлекетте оқып, тұрып жатқан елінің дипломын алғанын түсінеміз. Алайда біздің ЖОО-лар мен мектептерге келіп жұмыс істеу үшін арнайы біліктілік керек. Өйткені Өзбекстандағы білім беру бағдарламасы мен бағалау жүйесі бөлек", – деді министр.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: 30 жыл өтілі бар ұстаздарға жеңілдіктер жасалады
Мұнымен қатар, Асхат Аймағамбетов Қазақстанда мұғалім болып жұмыс істегісі келетін шетелдегі қандастар елдің бағалау жүйесі, білім бағдарламасы және оқулықтарын толық білетінін көрсетуі керек екенін айтты. Осы орайда қандастар елге келген соң арнайы емтихан тапсырады.
"Егер біліктілік емтиханы мен тестінен сүрінбей өтіп, қалай сабақ беретінін көрсетсе, біздің мектептерде жұмыс істеуіне толық мүмкіншілік бар", – деді Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Халықаралық олимпиада жеңімпазы 4 млн теңге сыйақы алады