
Полиция көші-қон заңнамасын бұзған 700-ге жуық шетелдік такси жүргізушісін анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидасын қамтамасыз ету мақсатында, көші-қон бақылауын нығайту және ел аумағында көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерді анықтау үшін "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
"Көші-қон қызметінің мәліметі бойынша, іс-шара барысында бес күн ішінде 46 мың көлік тексерілді, 1 080 шетел азаматы жеке тасымалдаумен айналысқаны анықталды. Олардың 691-і мобильді қосымшалар арқылы көші-қон заңнамасын бұзып, жеке тасымалмен айналысқан. 234 шетел азаматы заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін, 457 шетел азаматы ҚР-да болу мерзімін бұзғаны үшін жауапқа тартылды", – делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, сот шешімімен 175 шетелдік такси жүргізушісі ел аумағынан шығарылды. Олардың 103-і жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орындарына орналастырылды.
Сонымен қатар 38 Қазақстан азаматы шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тартқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.