
Шерзат Полаттың адвокаты Мейірман Шекеев алда сотқа қандай өтініш беріп, жазаға қатысты қандай талап қоятынын түсіндірді. Адвокаттың айтуынша, жәбірленуші тарапқа Талдықорған қаласындағы сотқа қатынау қиын.
"Бастапқыда 13 күдікті болған, ішінде екеуінің іске мүлдем қатысы болмаған соң, олар күдіктілер қатарынан шығарылған. Сондай-ақ тағы екі қыз бала куә ретінде ғана сұралған. Олардың белсенді рөлдері жоқ. Айыптау актісінде екі азамат Абзал Шынасыл мен Равиль Сакиевке ғана ауыр айып тағылып отыр, ал қалғандарына "бұзақылық" бабы бойынша ғана айып тағылған. Мемлекеттік айыптаушының берген айыбы осындай", – деп түсіндірді адвокат.
Оқи отырыңыз: Талғардағы трагедия: Прокурор Шерзат Полаттың өліміне дейінгі оқиғалар тізбегін баяндады
Ары қарай қорғаушы жәбірленуші тарапқа Талдықорғанға келу қиындық тудырып отырғанын, алда істің Қарасай аудандық сотында қаралуына өтініш беретінін айтты.
"Жәбірленуші тарап тек әділ сот сұрайды. Айыптылардың жазасы шартты жазаға ауысып кетпеуі үшін тағы да талап қоятын боламыз. Бұл істе төрт жәбірленуші бар. Істің Қарасай аудандық сотта қаралуына қатысты да тағы өтініш беретін боламыз. Өйткені бізге де, жәбірленуші тарапқа да ыңғайыссыз. Жәбірленушілер осындай қайғыдан кейін әрең жүр. Айыпталушыларды жеткізу біздің мәселе болмауы керек. Жәбірленуші тараптан жеті адвокатпыз", – деді Мейірман Шекеев.