1 желтоқсанда қазақстандық спортшы Серік Сәпиевтің олимпиада алтынына қол жеткізу тарихын баяндайтын "Боксшы" атты спорттық драмасы республикалық прокатқа шығады. Фильмнің режиссері – Ақан Сатаев, деп хабарлайды "Қазақфильм" баспасөз қызметі.
Фильм Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, боксшы Серік Сәпиевтің шынайы оқиғасына негізделген.
"Бойындағы күш-қуаты толыққан кезде ол Бейжің олимпиадасына барып, арманына бір қадам қалғанда сүрінеді. Қоғамдық сын, жүйенің қысымы, отбасындағы проблемалар. Серік өзінің арманына күмәндана бастайды, себебі келесі олимпиада 4 жылдан кейін ғана болады. Фильмдегі оқиға сұхбат форматында беріледі, онда Серік Сәпиев өмірінің маңызды сәттерін еске түсіріп, спорттағы жолы қалай басталғанын, жеңілістері, жеңістері мен арманына жеткені туралы баяндайды", – делінген киностудия хабарламасында.
Картинаның сценарийін Ақан Сатаев, Тимур Жақсылықов пен Альмира Тұрсын бірлесіп жазған. Айта кетсек, Серік Сәпиев бұл жобада кеңесші болған. Фильмнің қоюшы операторы бұрын Сатаевтың көптеген картиналарында жұмыс істеген Хасан Қыдырәлиев болды. Сонымен қатар, бұл жобада "Томирис", "Каникулы offline" және "В поисках мамы - 2" картиналарында жұмыс істеген оператор Жантай Қыдыралиев те бар.
"Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының" бас продюсері Адай Әбілдинов "Боксшы" жобасы аталған орталықтың өндіріске жіберген алғашқы картиналардың қатарында болғанын айтты. Фильмнің түсірілімі 2020 жылы наурыз айында басталған, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда ТЖ енгізілгеннен кейін тоқтатылды. Алайда, Sataifilm тобы түсірілімдерді сол жылдың қараша айында аяқтай алды.
"Фильмді өте ұзақ, екі жылдан астам уақыт түсірдік. Дайындық кезеңі мен кастингке үлкен көңіл бөлінді. Басты кейіпкерді де ұзақ уақыт іздедік", – деді Ақан Сатаев.
Тарихи дәлдік үшін басты рөлге үлкен республикалық кастинг жарияланды. Кастинг директоры Жайна Әбдиеваның айтуынша, дайындық кезеңде 800-ден астам өтініш түсіп, ашық кастингке 600-ден астам адам қатысқан. Басты рөлге актер таңдаудың негізгі критерийлері – басты кейіпкердің прототипке ұқсастығы, кино және бокс шеберлігі болды. Сәпиев рөліне үлкен ізденістердің нәтижесінде дебютант Смадияр Сабыров бекітілді.
"Мен бірнеше кастингке қатыстым. Солардың бірі "Томирис" фильмі болатын, бірақ бұл жобаға ілінбедім. Бірнеше жыл өткен соң маған қоңырау шалып осы фильмге кастингке шақырды. Әрине, таңқалсам да, іштей қатты қуандым. Маған сеніп, қолдау білдірген режиссерге, сондай-ақ кастинг директоры Жайна Әбдиеваға алғысымды білдіремін", – деді Смадияр Сабыров.
Айта кетсек, Ақан Сатаев үшін басты рөлдерге талантты дебютанттарды таңдау авторлық қолтаңбасы іспетті. Әр жылдары режиссер Еркебұлан Дайыров (төрт бөлімді Бауыржан Момышұлы фильмінде дебют жасаған), Асылхан Төлепов пен Аян Өтепберген ("Жаужүрек мың бала" фильмінде дебют жасаған) және Альмира Тұрсын ("Томиристе" дебют жасады) сынды актерлердің есімін қалың көрерменге ашып берді.
"Бекзат", "Жақсылық", "Балуан Шолақ". Қазақ спортын арқау еткен 10 кинотуынды
Екінші пландағы басты рөл – кейіпкердің ата-анасын Бақтияр Қожа мен Ирина Ажмухамедова сомдаған, сондай-ақ жаттықтырушы Александр Стрельниковтың бейнесін сомдауға театр актері әрі режиссер Игорь Ермашов бекітілді.
Сондай-ақ, баспасөз отырысына қатысқан Kinopark & Kinoplexx Theatres басшысы Алмаз Малдыбаев "Боксшы" фильмінің кассалық табысы Rentrak жүйесі арқылы бақыланатын алғашқы отандық фильм болатынын айтып өтті.