Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі жастар арасындағы мәселелерді көтеріп, үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.
"Өкінішке қарай жастар арасында агрессия, буллинг, вандализм, суицид, әлімжеттілік, ерте жүктілік сияқты жаға ұстатар жайттар азаймай тұр. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, балалар арасында күн сайын 5 қылмыс жасалады екен. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 4,1% көбейген. Қорқыныштысы, кәмелетке толмаған мектеп оқушылары арасында жасалған қылмыс саны 93,8% көбейген. Бұлардың арасында ұрлық – 512, тонау – 121, бұзақылық – 94, алаяқтық – 66, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 60. Ел тұрғындарының үштен бірін, электораттың жартысына жуығын жастар құрайтынын ескерсек, бұл өте алаңдарлық жағдай", – деді сенатор.
Оқи отырыңыз: 16 жастағы баланың қазасы: сот Талғарда жеті күдіктіні 2 айға қамады
Оның айтуынша, масс-медиадағы басым күш культі, танымал сериалдар мен басқа да формалар арқылы агрессияның насихатталуы қатігездікті өршіте түскен. Әлеуметтік желілер арқылы кең таралатын ойындар жастардың танымы мен талғамын ғана емес, таңдауы мен тағдырын да қалыптастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейірін сезінбеу, отбасыдағы түрлі кикілжің мен травма, білім ошақтары мен тәрбие орындарында жастарға социализация моделін ұсына алмау сияқты себептер де бар.
"Жалпы жастар мәселесі түрлі министрліктердің құзыретіне бөлініп кеткен. Салаға жауапты Жастар комитетінің өңірлерде тікелей құрылымдары жоқ. Бес облыста ғана арнайы Жастар саясаты басқармасы бар, қалған облыстарда қысқарып кеткен. Мәселен 2 млн халқының 40% жастар құрайтын Түркістан облысында 600 мыңнан астам жаспен 3 қызметкер ғана айналысады. Жалақысы небәрі 70 мың болғандықтан Жастар ресурстық орталықтарында білікті кадрлар тұрақтамайды. Көптеген өңірде жеке ғимараты жоқ бұл орталықтарда 318 орын бос тұр. Жастарды біріктіретін республикалық деңгейдегі ұйымдар да жоқтың қасы", – деді Дархан Қыдырәлі.