
Қазақстанда кей оқу орындары заңгер ретінде екінші диплом алатындарға "жеңіл" жол ашып қойған. Бұл туралы Парламент тыңдауында конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Наурызбай Байқадамов баяндады.
"Біріншіден, елімізде қанша заңгер маман керек, қай салада кадр жетіспейтіндігін анықтау мәселесін бір жүйеге келтіру – уақыт талабы. Екіншіден, мемлекеттік гранттың үлесі өте аз болғандықтан, көбісі ақылы негізде оқуға мәжбүр. Оқу орындары оқу қаржысына қатысты тәртіпті сақтай бермейді. Көп жастар "көрпесіне қарай көсіліп" арзан оқу орындарын таңдайды. Ол мекемелердің материалдық – техникалық базасы төмен, көбіне екінші диплом алатындарға "жеңіл" жол ашып қойғандығы белгілі", – деді сенатор.
Сонымен қатар сенатордың айтуынша, оқу орындары мен өндіріс арасында үйлесімді байланыс қалыптаспаған. Магистранттар мен докторанттар оқу кезінде практикадан тыс қалады. Сол себепті маман дайындау ісіне сот жүйесі, құқық қорғау органдары өкілдері тікелей араласқаны дұрыс.
"Төртіншіден, заң білімін дамытудың жаңа тұжырымдамасында әрбір құқықтанушы-бакалавр кәсіби құзіретінде қолданып, құқық шығармашылық процесіне қатыса алатындай деңгейде қазақ тілін білуі тиіс делінген. Соңғы үш жылда мемлекеттік тілде заңгерлік білім алуға сұраныстың тұрақты өсу үрдісі байқалады. Кейбір ақпарат көздеріне сүйенер болсақ, қазақ тіліндегі оқулықпен қамту пайызы 20-дан аспайды. Бұл мәселені электронды оқулықтар мен онлайн платформалардың әлеуетін пайдалану арқылы ана тіліміздегі сапалы контенттердің дамуына қол жеткізуге болады. Бұл жөнінде, Бурабайдағы құрылтайда айтылды. Сондықтан да, оқулық жазатын авторлар мен қажетті әдебиеттерді аударатын мамандарға тікелей қолдау тетігі жасалуы керек", – деді Наурызбай Байқадамов.
Сондай-ақ сенатор оқу орындарының бағдарламасында елеулі алшақтық пайда бола бастағанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бірыңғай стандарттар мен бағдарламалар енгізу туралы мәселені зерделеу керек.