Тікелей эфир

Сенатор: Автонесие халық сұранысын да өтемеді, автоөндірісті де дамытпады

Депутаттың айтуынша, утиль алымы көлік құнының өсуіне әсер етті.

Сенат отырысында депутат Сұлтанбек Мәкежанов Қазақстанның автонарығындағы мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, автонесие және утиль алымын енгізу нарықта қордаланған мәселелерді шеше алмаған. 

Сенатордың сөзінше, үкімет 2015 жылдан бері автокөлік алуға жеңілдетілген несие беру мүмкіндігін ашқанымен, ол отандық автомобиль өндірісіне еш үлес қоспаған. 

"Біздің мемлекет отандық автокөлік өндірушіні қолдай отырып, елімізде шығарылатын өнімнің қазақстандық құрамдас бөлігі арта түсетініне сенім артты. Алайда мемлекет қаржыландыратын жеңілдетілген несие отандық автомобиль өндірісін дамытуға іс жүзінде әсер еткен жоқ деп айтуға болады", – деді Сұлтанбек Мәкежанов. 


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қарсы шықты


Сондай-ақ, ол Қазақстандағы жеңілдетілген тәртіпте автокөлік алуға несие беру отандық автомобиль паркін жаңарту мен халықты автокөлікпен қамтамасыз етуді арттыру мақсатын ескергенін еске салды. 

"Мемлекет автопаркті жаңарту үшін сырттан әкелінетін автокөлікке бастапқы тіркеу енгізді. Бастапқы тіркеу құны әкелінетін автомобильдің шығарылған жылына байланысты. Ол бойынша ескі көлік әкелу тиімсіз болуы керек еді, алайда іс жүзінде бұл барлық көліктің қымбаттауына әкеліп соқты. Утильалым енгізу де көлік бағасының өсуіне едәуір әсер етті", – деді сенатор.

Еске салайық, утиль алымын төмендету мәселесін Мәжіліс мінберінде депутат Нартай Сәрсенғалиев те көтерген болатын. 

Серіктестер жаңалықтары