
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әнші Димаш Құдайбергенге Ізгі ниет елшісі белгісін ресми түрде табыс етті. Бұл туралы ол Facebook желісінде жазды.
"Былтыр әлемнің әртүрлі мемлекеттеріндегі белгілі қоғам және дін қайраткерлері Съездің Ізгі ниет елшілері болып сайланған еді. Олардың қатарында талантымен дүние жүзіне танылған отандасымыз, әнші Димаш Құдайберген де бар. Осыған байланысты Димаш бауырымызбен арнайы кездесіп, оған Ізгі ниет елшісі белгісін ресми түрде табыс еттім. Осы орайда Димаш қазақтың ұлттық мәдениетін дәріптеумен қатар өнер арқылы бейбітшілік пен ізгілік идеяларын насихаттауға да үлкен үлес қосып келе жатқан дарын иесі екенін атап өткен жөн. Бұл маңызды миссия Съездің құндылықтарымен де үндесетіні белгілі", – деді Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, Димашпен кездесу барысында президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайту жөніндегі бастамаларына назар аударылып, Съезге және Жас діни лидерлер форумына дайындық барысын да талқыланған.
Оқи отырыңыз: Димаш Құдайберген Діндер съезінің ізгі ниет елшісі болды
Еске салайық, 2024 жылғы қазанда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының отырысында Ізгі ниет елшілері институты құрылды.
Ізгі ниет елшілері институты елшілері белгіленсе, олардың қатарына отандық әнші Димаш Құдайберген де енді.