Қазақстанда шекара маңындағы ауылдарға айрықша мәртебе беру мәселесі қарастырылып отыр. Бұл туралы Қазақстанның ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілетін өзгертулер жобасынан белгілі болды. Құжат Ашық НҚА порталында жарияланған.
Өзгертулер жобасына сәйкес, шекара маңындағы аудандарда орналасқан ауылдық жерлерде жұмыс істегені үшін жалақыға 50% ауылдық үстемеақы енгізу мүмкіндігі қаралмақ. Сондай-ақ, төтенше табиғи-климаттық жағдайлары (жылыту маусымы 9 ай) бар шекара маңындағы аудандардың тұрғындары үшін 1 жыл еңбек өтілін 1,5 жыл қылып есептеу нормасы көзделеді.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның 14 облысы Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанмен шектеседі. Шекара маңындағы аумақтарда халық саны 3,4 млн адам болатын 65 аудан (1 283 ауылдық елді мекен) орналасқан.
Оқи отырыңыз: Қуантыров ауылдардың жойылуы туралы: Бұл – қалыпты процесс
Соңғы 3 жылда Қазақстанның шекаралас аудандарының халқы 3,35-тен 3,36 млн адамға дейін өскені байқалды.
"Бұл ретте шекара маңындағы 65 ауданның 40 ауданында халық санының азаюы байқалады, бұл көші-қон ағынымен және халықтың табиғи кемуіне байланысты. Халық негізінен Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының шекаралас аудандарында азайып келеді", – делінген Ұлттық экономика министрлігінің хабарламасында.