ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2006 жылы Шымкентте абайсызда Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырған балаларды кездесуге шақырды, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ғылым министрі Саясат Нұрбекке: "2006 жылы Шымкентте 80-ге жуық баланың АИТВ жұқтырды. Биыл сол балалардың дені мектеп бітірді. Кейбір балалар ҰБТ тапсырып, грантқа түсе алмаған екен. Бұл жастарды ЖОО-да тегін оқыту, грант беру қарастырылған ба?" деген сұрақ қойылды.
Оқи отырыңыз: Әскерге шақырылған әрбір оныншы сарбаз оқуға тегін түсе алады
Министр сауалға гранттар тек қана заңды түрде ҰБТ нәтижесі арқылы тағайындалатынын айтып жауап берді.
"Дегенмен, әкімдік гранттары бар. Яғни әр өңірдің басшылары өздерінде тапшы мамандықтарға кадр даярлауға тапсырыс бере алады. Екіншіден, ректорлардың жеңілдіктері бар. Мысалы, дарынды немесе қиын жағдайдағы балаларға ректорлар университеттері есебінен жәрдем көрсете алады. Сондықтан біз министрлік ретінде осы балалармен, ата-аналарымен кездесуге дайынбыз. Есігіміз ашық. Біздің хатшылыққа хабарлассын, оларды тыңдап, қолымыздан келгенше осындай ректорлық жеңілдіктер арқылы, әкімдердің өңірлік гранттары арқылы көмектесуге дайынбыз", – деп жауап берді Саясат Нұрбек.