ҚР парламенті мәжілісіндегі Nur Otan фракциясының бос мандаты Саясат Нұрбекке беріледі. Бұл туралы партияның хатшысы міндетін атқарушы Асхат Оралов хабарлады.
"Бүгін Nur Otan партиясының саяси кеңесі бюросының қаулысымен 28 ақпанда саяси кеңестің отырысын өткізу туралы шешім қабылданды. Онда партияның кезектен тыс XXII съезінің күн тәртібі бекітіледі. Сондай-ақ, саяси кеңес бюросының қаулысымен Nur Otan партиясынан парламент мәжілісі депутатының бос мандаты партиялық тізім бойынша Саясат Нұрбекке берілу туралы шешім қабылданды", – деді Асхат Оралов.
Мұнымен қатар, ол тиісті шешімнің ҚР орталық сайлау комиссиясына жіберілгенін мәлімдеді.
Еске салсақ, ОСК-ның Дариға Назарбаеваның депутаттық өкілеттігін тоқтату туралы мәжіліске ұсыным енгізгенін хабарлаған едік. Назарбаева өзінің өкілеттігін тоқтатуға өтініш берген.