Шарын шатқалында жаңа визит-орталық ашылды

Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Паркке кіру және шығу автоматты шлагбаум арқылы жүзеге асырылады, төлем жасау үшін Кaspi qr жүйесі енгізілген.

Шарын шатқалына саяхат енді бұрынғыдан да қолайлы әрі экологиялық таза бола түсуде. Жаңа ашылған Sharyn визит-орталығы қонақтарды заманауи сервиспен қарсы алады, ал туристерге шатқалды гольф-кармен аралау мүмкіндігі ұсынылған, деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Кәсіби нұсқаушылардың сүйемелдеуімен табиғаттың ерекше сұлулығын тамашалауға болады. Ең маңызды экологиялық жобалардың бірі – "Жасыл даму" АҚ-мен бірге қолға алынған пилоттық жоба, оның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті арттырып, "таза туризм" қағидасын қалыптастыру.

Жоба аясында парк аумағында қоқысты сұрыптап жинау жүйесі енгізіліп, арнайы қоқыс жәшіктері мен фандомат құрылғылары орнатылған. Жиналған қалдықтар қайта өңдеуге жіберіледі, ал туристерге биоыдырағыш қапшықтар таратылып, экологиялық ақпараттық тақталар орнатылған.

Парктегі инфрақұрылым да жақсартылуда. 2023 жылы Шарын шатқалындағы бақылау өткізу пункті толық автоматтандырылып, 8 бейнебақылау камерасы және автокөлік нөмірлерін анықтайтын 2 камера орнатылған. Паркке кіру және шығу автоматты шлагбаум арқылы жүзеге асырылады, төлем жасау үшін Кaspi qr жүйесі енгізілген. 


Оқи отырыңыз: Көлсай мен Қайыңды туризмі: Саты шатқалында жаңа экологиялық маршрут ашылды


Сонымен қатар, визит-орталық аумағында жас көшеттер отырғызылып, ұлттық парктің жасыл желегін көбейтуге бағытталған іс-шаралар өткізілді. Қазіргі уақытта ұлттық парк аумағында жыл бойы 4 туристік бағыт жұмыс істейді. Келушілерге ыңғайлы болу үшін арнайы демалыс орындары, керуен алаңдары, ақпараттық стеллалар мен гроттар орнатылған. 

Серіктестер жаңалықтары