Маңғыстаулық жүргізушілер үш күннен бері автогаз тапшылығын сезіп жатыр. Әсіресе, Ақтау мен оған іргелес ауылдардағы бекеттердің алдында тұрған адам көп, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.
Облыста автогаз тапшылығы сезілгендіктен, көлік жүргізушілері 2-3 күннен бері газ құю бекеттерінің алдында ұзын-сонар кезекте тұр. Кейбір азаматтардың айтуынша, шалғай ауылдарда мүлдем газ жоқ. Тіпті кейбір автобекеттер газ сатпай, мүлде жабық тұр.
Әкімдіктегілер кезектің көбеюі туристік маусымның басталуымен байланысты дейді. Айтуларынша, өзге өңірлерден келген автокөліктер бекеттерде кезек тудырған.
"Біріншіден, бұған Атырау, Ақтөбе қалаларынан туристік бағытта адамдардың келуі, екіншіден оқудан студенттердің көп келуі себеп болып отыр. Сол себепті қазіргі таңда сұйытылған мұнай газына сұраныс көбейген. Жергілікті атқарушы органдардың тарапынан бүгінгі күні сұйытылған мұнай газын тұрақтандыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылды", - деді Маңғыстау облыстық энергетика басқармасы бөлімінің бас маманы Жасұлан Бекболат.
Энергетика басқармасының мәліметінше, бір айда өңірге 17 мың тонна сұйытылған мұнай газы қажет. Ал бұл қажеттілік толықтай қамтамасыз етіліп тұр. Енді көгілдір отын қорын туристік маусым кезінде бекеттерге дұрыс үлестіру бойынша жұмыс атқарылып жатқанын айтады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда газбен жүретін көлік мінетіндер көбейді