Тікелей эфир

Шағын қала мен кент мұғалімдерінің жалақысына ауылдық коэффициент қосыла ма

Үкімет басшысының бірінші орынбасары бұл бюджетке едәуір жүктеме болатынын алға тартты.

Бірқатар мәжіліс депутаттарының шағын қалалар мен кенттердегі мектеп мұғалімдерінің жалақысына ауылдық коэффициенті енгізу туралы ұсынысына премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жауап берді

Оның айтуынша, бұл бастама ел бюджетіне ауырлық етеді. Дегенмен, ұсыныс құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталады. 

"Кенттер мен халық саны 10 мың адамнан кем елді мекендерге ауылдық коэффициенті енгізу үшін денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандарды толық қамту қажеттілігін ескере келе, аталған шараларды енгізу бюджетке едәуір жүктеме түсіретіндігін атап өткен жөн. Осыған орай, аталған мәселе құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатын болады", – делінген Роман Склярдың жауабында. 

Үкімет басшысының бірінші орынбасары қазіргі кезде педагог мамандығының беделі артып, еңбек жағдайлары жақсарып, педагогтердің құқықтары мен мүмкіндіктері кеңейгенін алға тартты.


Оқи отырыңыз: Оқу министрі Бейсембаев мұғалімдердің орташа жалақысын атады


Оның сөзінше, жергілікті атқарушы органдар педагогтерге республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 300 еселенген мөлшерінде сыйақы түрінде қосымша ынталандыру төлемдерін белгілеуге құқылы. 

"Оған қоса, барлық педагогтерге заңнамаға сәйкес тұрғынжайға, оның ішінде қызметтік тұрғынжайға және жатақханаға, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне кепілдік беру қарастырылған", – деді Роман Скляр. 

Серіктестер жаңалықтары