Тікелей эфир

Республикалық жастар театрлары фестивалінде 8 режиссердің қойылымы сахналанады

Алматыда жас театр режиссерлеріне 1 миллион теңге табысталды.

Алматыда І Республикалық жастар театрлары фестивалі басталды. Фестивальдің ашылуы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті.

Іс-шара жас режиссерлердің кәсіби шеберліктерін шыңдау және шығармашылық тәжірибе алмасу мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Фестивальдің "35 градус" аталуы бекер емес. Бір апта бойы Гүлназ Балпейісова, Мейрам Хабибуллин, Антон Зайцев, Әлібек Өмірбекұлы, Шағуан Үмбетқалиев, Анна Цой, Әридаш Оспанбаева және Шыңғыс Жақыпбай сынды 35 жасқа дейін режиссерлердің таңдаулы қойылымдары сахналанады.

Фестивальдің ашылуында театр өнеріне зор еңбегі сіңген қайраткерлер – Нұрқанат Жақыпбай, Есмұқан Обаев, Талғат Теменов, Әубәкір Рахимов, Қуандық Қасымов, Гүлсина Мирғалиева, Мұрат Ахманов арнайы шақырылған қонақтар жоғарыда аты аталған 8 режиссерді  "Ең үздік режиссер" дипломымен марапаттап, ұйымдастырушылар атынан 1 миллион теңге сыйақы табыс етті. Осылайша фестивальге қатысатын режиссерлердің барлығы жеңімпаз атанды. 

"Біз жүлдеге таласатын спортшы емеспіз. Республикалық жастар театрлары фестиваліне жүлде болмаған соң қатыстым. Ең маңыздысы – біздің шығармашылығымыз. Мен бұл бастаманы қолдаймын және жалғасын тапса деймін. Фестивальге Қаллеки театрында сахналанған "Қыз Жібек" драмалық операсын алып келдім. Классикадан классика жасадым деп ойлаймын. Әрине, спектакльдің тіліне қатысты сын айтылып жатыр. Сынға жақсы қараймын. Дегенмен өзгерісті қабылдау оңай емес. Қандай болмасын спектакльді қойғанда актерлер күнделікті сөйлегендей сөйлесе деймін. Сахнада болып жатқан дүниеге билет алып келген көрермен сенуі керек", – деді режиссер Әлібек Өмірбекұлы.


Оқи отырыңыз: Халықаралық фестивальдерде топ жарған Мүсірепов театрының бүгінгі тынысы қандай?


Қатысушы режиссерлердің спектакльдері Алматы қаласындағы үш театр сахнасында қойылады.

  • 2 қараша. 15.00 – "Я есть", Тотальный театр театрлық компаниясы, 18.30 – "Қарагөз" Ғ.Мүсірепов театры;
  • 3 қараша. 11.00 – "Шырақ", Ғ.Мүсірепов театры, 18.30 – "Кассандра таңбасы" М.Әуезов театры;
  • 4 қараша. 15.00 – "Ричард ІІІ", Ғ.Мүсірепов театры, 18.00 – "Қыз Жібек" М.Әуезов театры;
  • 5 қараша. 11.00 – "Қобыланды", Ғ.Мүсірепов театры, 18.30 – "Алғашқы ұстаз", Ғ.Мүсірепов театры;
  • 6 қараша. 12.00 – фестивальдің ресми жабылуы.
Серіктестер жаңалықтары