
Біріккен араб әмірліктері Рас-эль-Хайма әмірлігінің туризмді дамыту департаментінің мамандары Алматыда БАҚ өкілдерімен кездесіп, туристік жобалары мен жоспарларын таныстырды. 2024 жылы әмірлік 1,28 миллионнан астам қонақ қабылдаса, Қазақстан бұл әмірлікке келген туристерінің саны жөнінен екінші орынды иеленген. Жалпы, Рас-эль-Хайма туризмді дамыту департаментінің мәліметінше, соңғы 5 жылда Қазақстан әмірліктің туризмінің дамуына үлкен үлес қосып келеді.
"Біз 2030 жылға қарай әмірлігімізге қыдырып келетін туристер санын жылына 3,5 миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте, біз үшін Қазақстанмен ынтымақтасып жұмыс істеу, туристік жобаларымызды қазақстандықтардың ыңғайына, қажеттіліктеріне және қалауына қарай бейімдеу маңызды", – деп атап өтті Рас-эль-Хайма Туризмді дамыту департаментінің вице-президенті Иад Расбей.
Бұл ретте департамент жаңа жоспарларын таныстыру үшін бірінші локация ретінде Қазақстанды, оның ішінде Алматыны таңдаған.
Ендеше, қазақстандықтарды Рас-эль-Хайма несімен қызықтырады?
Иад Расбейдің айтуынша, БАӘ-нде әмірліктер арасында ешқандай бәсеке жоқ. Дегенмен, әр әмірліктің туризмінде өзіндік ерекшеліктер бар. Рас-эль-Хайманың артықшылығы – мұнда бірден үш – теңіз, шөл және тау туризмі қатар тоғысқан. Біріккен араб әмірліктерінің ең биік нүктесі –Джебель Джейс тауының ұшар басы да осында. Туристер ұзындығы (3 шақырымға жуық) жөнінен әлемде бірінші орынды алатын зиплайнды сыннан өткізе алады. Сондай-ақ, адамның жабайы табиғатта өмір сүру дағдыларын шыңдауға арналған Bear Grylls Explorer Camp лагері де бар.

Рас-эль-Хайманың тағы бір ерекшелігі – көптеген археологиялық ерекшеліктерінен (олардың төртеуі ЮНЕСКО мұраларының тізіміне енген) бөлек, туристер кезінде өңірдің ата кәсібі болған інжу шаруашылығымен таныса алады.
Туристердің сапары жайлы болуы үшін Рас-эль-Хайма билігі әмірліктегі қонақүй бөлмелерінің санын 2030 жылға қарай 20 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде бұл әмірлікте 54 қонақүй (7500-ге жуық бөлме) жұмыс істейді.

Қазақстан мен Рас-эль-Хайма арасында тұрақты әуе рейстері ашылуы мүмкін
Рас-эль-Хайма әмірлігінің туризмді дамыту департаменті осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда қазақстандықтар Рас-эль-Хаймаға Біріккен араб әмірліктерінің өзге әмірліктері арқылы бара алады. Бұған AirArabia, FlyDubai және Wizz Air Abu Dhabi әуе рейстері, сондай-ақ қазақстандық FlyArystan компаниясының маусымдық рейстері арқылы бара алады.
"Дегенмен, алдағы уақытта Алматы мен Астанадан Рас-эль-Хаймаға тұрақты әуе рейстерін ашу үшін қазақстандық әуе компанияларымен белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз", – деді Иад Расбей.
Жаңа жазғы кампания
Біріккен араб әмірліктері ауа райының ыстықтығымен ерекшеленеді. Сондықтан, жазғы ыстық кезеңде бұл елге келетін туристер саны азаятын. Сол үшін де көбі маусымдық туризммен айналысатын. Алайда, Иад Расбейдің айтуынша, қазірде Рас-эль-Хайма жыл он екі ай туризммен айналысуға бет бұрған. Бұған соңғы бес жылда жазғы кезеңде келетін туристер санының еселеніп артқаны да дәлел.

"Туристердің ыстық мезгілде демалысы жайлы болуы үшін түрлі жағдай жасауға ерекше көңіл бөлдік. Жатын бөлмелер желдету, салқындату жүйесімен сапалы қамтамасыз етіліп, қонақүй жанындағы бассейндерді көбейттік. Қазір жаңадан бой көтеріп жатқан қонақүйлер мен демалыс орындарының бәрі бұл қажеттіліктерін ескеріле отырып салынуда", – деді департаменттің вице-президенті.
Осы орайда, Рас-эль-Хаймалық мамандар жаңа жазғы кампаниясын "Қайда екенін тап" (Guess Where?) деп атаған.