Тікелей эфир

Қызылша жұқтырған бүлдіршіндер балабақшаға жіберілмеуі мүмкін

Індетті жұқтырғандар саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр.

Қызылша ауруы өршіп тұрғандықтан, екпе алмаған бүлдіршіндер балабақшаға жіберілмеуі мүмкін. Осы орайда мамандар ауруға қарсы вакцина салдыруға шақырды, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Елде екі айда бұл індет 181 адамнан табылды. Ауа немесе тыныс алу жолдары арқылы жұғатын ауру балабақшаларда өршіп тұр.  

"18 жасқа дейінгі балалардың 94 мыңының осы ауруға қарсы екпе алмағаны анықталып отыр. Қазір олардың 15 мыңына вакцина салынды, жұмыс әрі қарай да жалғасады", – деді ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева. 

Қызылша ауруын жұқтырғандар арасында Алматы қаласы көш бастап, 73 жағдай тіркелген. Бұдан кейінгі орындарда Түркістан мен Жетісу облысы. 


Оқи отырыңыз: Қызылшадан қалай сақтануға болады? Дәрігер кеңесі


Мамандар балабақшадағы балалардың 90 пайызының екпе салдыруы керегін айтады. Егер вакцина салдырмаған балалар саны 10 пайыздан көп болса, онда олардың балабақшаға келуіне тыйым салынуы мүмкін. Соңғы шешімді балабақша басшылығы қабылдайды. 

"Баланың қызылша жұқтырғанын білсек, біз міндетті түрде қадағалаймыз. Алайда баланың балабақшаға келу-келмеу мәселесін біз шешпейміз. Ол балабақша басшысының құзіретінде. Ал егер бас санитардың ережесін орындамаса, ол үшін жауап береді. Қазір қызылшаға қарсы екпе салдырмаған 14 мыңнан астам бала бар", – деді Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова. 

Серіктестер жаңалықтары