Жылу беру маусымы. Жаңа ЖЭО құрылысы
Облыстағы барлық 1067 әлеуметтік нысан мен орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосылған 855 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етілуде. Биыл ЖЭО-ның 2 газ-турбиналық қондырғысы мен 1 су қазандығын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұдан басқа, кәсіпорынның өз қаржысы есебінен 9 бу қазандығы мен 1 бу турбинасына және 18 автономды қазандықтарға жөндеу жұмыстары 100 пайызға орындалды.
Республика күні қарсаңында және Сыр өңірінің 85 жылдығына орай Қызылорда қаласында Қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталды. Жоба құны – 215 млрд теңге. Бұл Тәуелсіздік алған жылдары елімізде бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни шетелдік инвесторлардың қаржысына іске асырылатын ең ауқымды теңдессіз жоба. Инвестор – түріктің "Акса Энерджи" компаниясы. Бас мердігер – қазақстандық "Интертаско" компаниясы болып анықталды. Орталық 2025 жылдың тамыз айында ел игілігіне берілетін болады.
Газдандыру
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысында газдандыру деңгейі 70%-ды құрады. Оның ішінде 7 аудан орталығы, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы қалалары және 16 ауылдық елді мекен бар. 2023 жылы 26 газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға барлығы 9,3 млрд.теңге қаржы бөлінді. 2023 жылы жалпы 12 елді мекенге газ кіргізу жоспарланған.
Жыл басынан бері облыс аумағында 4 елді мекен табиғи газға қосылса (Махамбетов, Бірлік, Қыраш, Қалжан ахун), жыл аяғына дейін тағы 8 елді мекенді газдандыру жұмыстары аяқталып, 40 мыңға жуық тұрғын табиғи газдың игілігін көруге мүмкіндік алады (Абай, Досан, Төретам, Ақай, Кейден, Жайылма, Шалқия, Құттықожа).
2023 жылдың қорытындысымен газдандыру деңгейін 75 пайызға жеткізілетін болады. Бұл бағытта 2024 жылға 12 елді мекенді газдандыру жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 4 млрд теңге қаржы бөлу жоспарлануда.
Ауыз сумен қамту
Қазірде Мемлекет басшысының 2021 жылғы Жолдауында Үкіметке алдағы бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасы бойынша өңірімізде кешенді жоспар әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қызылорда облысы бойынша барлық 230 ауылдық елді мекеннің 198 немесе халық санымен алғанда 98,1 пайызы (442,4 мың адамның 434 мың адам) орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.
2023 жылы 23 жобаға барлығы 7,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Жобалар толығымен аяқталған соң 163 шақырым ауыз су жүйелері жаңғыртылып, 100 мыңнан аса халықтың ауыз сумен қамтылуы жақсарады.
Сонымен қатар, облыстық бюджеттен Арал ауданы Құланды елді мекеніне және Шиелі ауданы Жуантөбе елді мекеніне су тұщытқыш орнатуға 38,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл тұрғынын ауыз сумен қамту деңгейін 98,3 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Электр энергетикасы
Бүгінде Қызылорда облысында 10 мың шақырымнан астам электр желілері мен кернеуліктері әртүрлі 1867 қосалқы станциялар бар. Олардың тозу деңгейі – 68% пайыз.
Қызылорда қаласындағы ең бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін электр жүйелерін жөндеу мақсатында облыстық бюджеттен
1,6 млрд теңге қаржы бөлінді ("КРЭК" АҚ жарғылық капиталын ұлғайту арқылы). Қазіргі таңда бұл қаржыға қала аумағында тиісті жұмыстар атқарылып, электр жүйелерінің жағдайы біршама жақсарды. Келесі жылға да осы жұмыстарды жалғастыруға 1,5 млрд теңге қаржы қаралған.
Бұдан бөлек, "Ауыл – ел бесігі" және басқа да бағдарламалар аясында қаржы бөлінуде. Жалпы 2023 жылы электрмен қамтудың 6 жобасын жүзеге асыруға 3,7 млрд теңге қаржы бөлінді.
Аталған қаржыға құрылысы 2022 жылы басталған "Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентіндегі 10/0,4 кВ электр желілік жүйені жаңғырту" жобасының құрылыс монтаждау жұмыстары жалғасуда.
Сырдария ауданы Шаған және Амангелді елді мекендерінің электрмен жабдықтау, Шиелі кентіндегі және Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінің электр желілерін қайта жаңғырту жобаларына республикалық бюджеттен 929,4 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары бастау алды. "Шиелі" (220/35/10 кВ) қосалқы станциясын қайта жаңғырту жобасы бойынша Энергетика министрлігіне 2024 жылы жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылып, қолдау тапты.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша электрмен қамту жүйесіндегі нормативтік-техникалық сыраптарды 14,6% дейін, тозу деңгейін 66% ға дейін төмендету жоспарлануда.