Тікелей эфир

Қызылордада биыл оқу бітірген 400 түлектің дипломы жұмысқа тұруға жарамсыз

Ақмешіт институтының лицензиясынан айырылуына байланысты түлектердің дипломына сәйкестендіру коды жазылмаған.

Қызылордада Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтының институтын аяқтап, қолына диплом алған 399 студент далада қалды. Олардың дипломы жарамсыз танылып, не әрі қарай оқуға, не жұмысқа тұруға жарамсыз, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Себеп – Білім және ғылым министрлігі оқу орнын оқытушылардың білім сапасының төмендігіне, техникалық базасының талапқа сай болмауына байланысты лицензиясынан айырған. Алайда институт ректоры Ерлан Шынбергенов сотта оқу орнының талаптарға сай келетіні дәлелденіп, лицензия қайтарылғанын айтты. Ал дипломдарының жарамсыз болып қалуы сәйкестендіру коды жазылмағандықтан туындаған.

"Барлық жасалып отырған іс-әрекеттер, білім алушылардың да дипломының жарамдылығы сотпен дәлелденіп тұр. Енді Білім және ғылым министрлігі жеке сәйкестендіру кодын беріп, дипломдарды сәйкестендіруі тиіс. Сот шешімі шығып тұр. Енді біз комитеттің жауабын күтіп отырмыз", – деді Ерлан Шынбергенов.


Оқи отырыңыз: Миллион теңгеден артық жалақы алу үшін қай мамандықтарды меңгерген жөн?


Дегенмен, Білім және ғылым министрлігінің өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарып, лицензия мәселесі әлі де сотта қаралып жатқанын айтты.

"Егер дипломдар жарамды болғанын қаласа, студенттер басқа жоғары оқу орнына барып, оқуын жалғастырса болады. Сол оқу орнын бітіргеннен соң ғана, жарамды диплом ала алады", – деп түсіндірді БҒМ сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Қазір Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтының институтында 600-ден аса студент білім алып жатыр. Лицензия мәселесі шешілмейтін болса, олардың да алдынан осы мәселе шығады.

Серіктестер жаңалықтары