Тікелей эфир

Қызылордада 400 түлек "Ақмешіт" институтынан оқу ақысын қайтаруды талап етті

Түлектер оқу орнының басшылығын сотқа беруге бекініп отыр.

Қызылорданың "Ақмешіт" институтын тәмамдаған 400 түлек бір жылдан бері жарамсыз дипломмен жүр. Түлектердің айтуынша, жоғары оқу орнының басшылары "дипломды әне-міне заңдастырамыз" деп алдап келеді, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

"Мен ауылдан келе-келе шаршадым. Ақшаны өз қалтамнан төлесем екен. Әке-шешемнің ақшасы болғандықтан, жұмыс істеп, үмітін ақтағым келеді", – деді түлек Аида Асқар. 

Институт берген дипломда сәйкестендіру коды болмағандықтан, жарамсыз болып қалған. Бітіруші түлектер оқу орнының бұл мәселені шешуге асықпайтынын айтады. Сондықтан олар білім ордасын сотқа беруге бекініп отыр. 

"Біздің қаншама уақытымыз кетті. Ақшамыз кетті, күйзеліске түстік. Өтірік емес, 399 түлек осы үшін зар жылап жүр", – деді Шолпан Қарамырзаева. 


Оқи отырыңыз:


Бұған дейін БҒМ институттағы ұстаздардың білім деңгейі талапқа сай келмейтіндіктен, лицензиясын алғанын мәлімдеді. Сол себепті 2021 жылы оқуды тәмамдаған студенттердің диплом алмайтынын да айтты. Алайда ректор оқу орнының 2009 жылдан бері лицензиясы бар деп отыр. Дипломдардың жарамсыз болып қалуына QR кодының жазылмауы ғана себеп. Сол себепті министрлік үстінен бас прокуратураға шағым түсірген. 

"Диплом берілген уақытында институт аккредитациясының болғандығы, яғни біздің институттың барлық заңға сәйкес жұмыс жасағаны туралы нақтыланып, шешім шығарылды. Білім және ғылым министрлігі бас прокуратураға хат жолдады. Онда осы дипломдарды заңдастыруға тапсырма берілді", – деді "Ақмешіт" гуманитралық-техникалық институтының ректоры Ерлан Шынбергенов. 

Ректор енді тек министрліктің дипломдарды жарамды ету туралы шешімін күтіп отырғанын айтады. БҒМ өз кезегінде бұл мәселені бас прокуратурамен бірлесіп қарап жатқанын жеткізді. Ал "далада қалдық" деген түлектер мәселе шешілмесе, оқу ақысын қайтарып беруді талап етіп отыр. 

Серіктестер жаңалықтары