Қызылорда облысында да Тәуелсіздік күнінде бірнеше әлеуметтік нысан ел игіліне берілді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы
Жаңақорған мен Шиелі аудандарында емдеу мекемелері, оқушылар үйі және өнер мектебі ашылды. Тұрғындарға табысталған орталықтардың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы барды.
Шиелі ауданына қарасты Тартоғай ауылындағы емхана ғимараты әбден ескірген еді. Қыс мезгілінде қабырғадан жел гуілеп, іші азынап кететін болған. Тәуелсіздік мерекесінде елдімекенде жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Медициналық мекеме "ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" жобасы аясында салынған. Замануи технологиямен жабдықталған нысанның ашылуы сәтін ұзақ күттік дейін тұрғындар.
"Біздің ауылымыз кішкентай ғана ауыл. Мынадай керемет болғанға өзіміз қуанып жатырмыз. Қазіргі президентіміз айтып жатыр ғой ауылдық жерді, медицинаны көтеруді. Соның бір нәтижесі ғой енді. Біздің мына аудан, облыс көлеміндегі басшыларға рақмет", – деді Тартоғай ауылының тұрғыны Хадиша Айтманбетова.
Ұлттық жоба аясында бой көтерген дәрігерлік амбулатория Алмалы ауылында да ашылды. Одан бөлек Жаңақорған ауданындағы Төменарық ауылында аурухана ел игіліне берілді. Емдеу мекемесі 15 орынға лайықталған. Нысанның ашылу салтанатына қатысқан Нұрлыбек Нәлібаев елдімекендерде медициналық мекемелер салу жұмыстары әлі де жалғасады дейді.
"Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 миллиард 200 миллион теңгеден асты. Денсаулық сақтау саласында жаңа ғимараттар көптеп бой көтеріп жатыр. Соның негізгісі осы "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында өткен жылдан бастап бізде 27 дәрігерлік амбулаториялар салынуда. Өткен жылы соның 16 табыстадық. Биыл міне 11-ін ел игілігіне табыстауды бастадық. Сонымен қатар жаңақорғандық оқушыларға арналған жаңа орталықтың да лентасы қиылды. 250 балаға арналған ғимаратта оқушылар үйі мен өнер мектебі орналасқан. Мұнда балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін спорт секциясы мен өнер үйірмелері жұмыс істейді", – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.