2022 жылы Қызылорда облысында Жалаңтөс Баһадүр мен Роза Бағлановаға арнап ескерткіш қойылады, деп мәлімдеді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
"Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында "Тұғыры биік Тәуелсіздік" атты республикалық ақындар айтысы, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған "Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы" атты жыршы-жыраулар байқауы өткізілді. Халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері ретінде ІІІ томдық Сыр өңірі фольклоры антологиясының І томы "Жанқожа батыр" жарыққа шықты. Сондай-ақ, Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы аталып өтіп, Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығы аясында Қазалы ауданында ескерткіш орнатылады", – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сондай-ақ, облыс әкімі 2022 жылы "Халық қаhарманы" Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Қызылордада ескерткіш орнатылатынын айтты.
"Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мақсатында ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарына қазба жұмыстары жалғасуда", – деп қосты Гүлшара Әбдіқалықова.
Әрі қарай облыс әкімі тарихи-мәдени ескерткіштер ғана емес, жаңа білім ордаларының бой көтеріп жатқанына тоқталды. 1 қыркүйекке дейін 748 орындық 3 мектеп пайдалануға берілген:
- Арал ауданы Сексеуіл кентінде – 300 орындық;
- Қызылорда қаласының Саяхат ауданында – 348 орындық;
- Шұғыла ауданында – 100 орындық.
Оның ішінде 2 мектеп – 448 орындық жекеменшік мектептер (Қызылорда қаласының Саяхат ауданында – 348 орындық және Шұғыла ауданында – 100 орындық). Жыл соңына дейін 900 орындық тағы 2 мектепті тапсыру жоспарланып отыр, оның біреуі апаттық мектептің орнына (Жаңақорған кентіндегі 600 орындық №169) тапсырылады.
"Инклюзивті білім беруді дамыту үшін 47 мектепке дейінгі ұйымдарда, 27 мектепте инклюзив кабинеттері ашылуда. Балалардың қауіпсіздігі мақсатында мектептер бейнебақылаумен қамтамасыз етілген", – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Еске салсақ, БҒМ министрі Асхат Аймағамбетов елде аутизммен ауыратын балалардың саны жылдам өсіп келе жатқанын айтқан еді.