Қызылорда облысында өндіріс көлемі кейінгі 10 айда 20 пайызға артқан, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Осылайша, Сыр елі өңірлер арасында өнеркәсіптің даму қарқыны бойынша алдыңғы қатарға шықты. Аймаққа жұмыс сапарымен келген өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бірқатар зауыттардың жұмысымен танысып, оң бағасын берді.
Жалағаш ауданындағы "Өркен Әлем" өндіріс орны 10 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл күштік құрылымдарға арналған қорғаныс құралдары мен арнайы киімдердің барлық түрін шығаратын елдегі жалғыз кешен. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев кәсіпорынның жұмысымен танысты. Компания басшылары өндіріс көлемін арттыруға мемлекет тарапынан қолдау көп дейді.
"Біздің дайындаған өнімдерге тапсырыс беретін мемлекетіміздің күштік құрылымдары. Қазіргі таңда біз кешенді өндіріс орны болып саналамыз. Қорғаныс киімдерінің барлық түрлерін шығарамыз. Жұмысшылардың саны қазір 70-тің үстінде. Бірақ жұмыс қызып жатса жергілікті тұрғындармен бірлесіп, жүз шақты адам жұмыс істейді", – дейді Өркен Әлем" ЖШС филиалының директоры Жақсылық Өзенбаев.
Сонымен қатар өңірдегі шыны зауытының да өнім көлемі артқан. Өндіріс ошағы іске қосылғалы 28 миллион шыны табақшасын шығарған. Өнімдердің 70 пайызы ішкі нарықта сатылса, қалғаны шет мемлекеттерге экспортталады. Қазір мұнда 400 азамат тұрақты жұмыс істейді. Министр жалпы өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу әлеуеті жоғары дейді.
"Қызылорда облысының көрсеткіштері өте жоғары. Өнеркәсіптің өсуі, құрылыстың өсуі Қазақстанда ең жоғары 10 айдың қорытындысы бойынша. Қызылорда облысының тау-кен орындары көп. Оны дамыту үшін үлкен ірі компанияларды тартып жатырмыз. Сол инвестиця арқылы тағы да өнеркәсіпті арттыратын боламыз", – деді ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Сонымен қатар ведомство басшысы Жалағаш ауданында бой көтеріп жатқан "Руханият" орталығындағы құрылыс жұмыстарын көру үшін арнайы барды. Дәл осындай орталық қазір барлық ауданда салынып жатыр. Жоба жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Кешенде мұражай, кітапхана, неке қию залы, ардагерлер мен аналар кеңесі секілді түрлі ұйымдар болады.