Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023-2027 жылдар аралығында ауылдық аумақтарды дамытуға арналған жарлығына сәйкес Сыр өңірінде "Үлгілі елді мекен" байқауы бастау алды. Мұндағы мақсат ауылдық жерлерде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.
Осы ретте, облыс әкімі Н. Нәлібаев қолдауымен елді мекендерде адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы қоршаған орта қалыптастыру, жұртшылықтың табиғатты қорғауы мен елді мекендерді тазалық пен көгалдандыру шараларына ынталандыру мақсатында облыстық "Үлгілі елді мекен" конкурсы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді.
Өткен жылы конкурс жеңімпаздарына облыстық бюджеттен 990 млн теңге бөлініп, арнайы техникалар алынды.
Байқау номинациялары:
"Үлгілі аудан орталығы" номинациясы:
1 орынға – 4 техника (мусоровоз, жол тазалағыш жүк көлігі, ассенизатор машинасы, кран манипуляторы);
2 орынға – 3 техника (мусоровоз, жол тазалағыш тракторы, ассенизатор машинасы);
3 орынға – 2 техника (жол тазалағыш тракторы, ассенизатор машинасы).
"Үлгілі ауыл" номинациясы:
1 орынға – 2 техника (жер қазушы тракторы, жүк тасымалдаушы көлігі);
2 орынға – 2 техника (жер қазушы тракторы, трактор тіркемесі);
3 орынға – 1 техника (трактор).
"Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы" номинациясы:
1 орынға – 3 жоба (сквер, спорттық ойын алаңдарын салу, көше-аулаларды жарықтандыру);
2 орынға – 2 жоба (балалар және спорттық ойын алаңдарын салу);
3 орынға – 1 жоба (сквер салу).
Биыл да бұл бағытта 436 млн теңгеге арнайы коммуналдық техникалар алынады. Қорытындысы шілде айында комиссиямен анықталып, үлгілі елді мекендерге табысталатын болады.
Өткен жылғы "Үлгілі елді мекен" конкурсының жеңімпазы ретінде Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылы танылған болатын. Бүгінде елді мекенге табысталған арнайы коммуналдық техникалар ауылды абаттандыру мен тазалығын сақтау бағытында қызмет етуде. Елді мекен көшелерінің бойына 50-ге жуық контейнер қойылған.
Санитарлық тазалық жұмыстарын қоғамдық жұмысқа тартылған ауыл тұрғындары және "Мағжан және К" серіктестігінің арнайы жұмысшылары жүргізуде. Жалпы, үздіктер көшін бастаған бірлігі бекем, тірлігі көркем Нағи Ілиясов ауылын "Үлгілі ауыл" деп айтуға толық негіз бар. Жасампаз істердің ұйытқысы болған бұл ауыл еліміздегі бастау алған "Таза Қазақстан" акциясына өз үлесін қосып келеді.
Ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем ететін "Үлгілі елді мекен" сынды шаралар тұрғындардың туған жерге, еліне деген патриоттық сезімін оятып, экологиялық акцияға тұрғындар белсенділігін арттырады.
Еске сала кетсек, аймақта "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясына 90 мыңнан астам адам, соның ішінде мемлекеттік мекемелер мен жеке ұйымдар, еріктілер мен тұрғындар қатысып, іс-шараларға барлығы 884 техника жұмылдырылды. Ұйымдастырылған тазалық шаралары нәтижесінде 5654 тонна қоқыс қалдықтары шығарылып, елді мекендердегі қоғамдық орындар, скверлер мен парктер және су айдындары мен өзен, көл жағалаулары тазартылды.
Сондай-ақ, көгалдандыру шаралары аясында бүгінгі күні 127 908 дана ағаш көшеттері егілді. Бұл бағыттағы шаралар жалғасатын болады.