Әкімдіктер қазірден бастап эвакуациялық бекеттерді дайындап қойған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сырдарияға жақын орналасқан Шиелі ауданына қарасты Қарғалы мен Таштоп елдімекендерінің тұсында мұз жиналып қалған. Одан бөлек, Төменарық ауылында да су тасқыны болуы мүмкін.
Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қазір қауіпті аумақтарды күндіз-түні бақылауға алғандарын айтады. Тікұшақпен барлау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Табиғи апаттың алдын алу шараларына бюджеттен 14 миллион теңге бөлінген.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық ғалымдар су тасқынын алдын ала болжайтын планшет жасап шығарды
"Қажет болған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін 59 жинақтау және 69 қабылдау эвакуациялық пункті дайын. Күн сайын біздің қызметкерлер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері Сырдария өзені бойындағы арналарды аралап, мониторинг жүргізеді. Қазіргі уақытта жағдай ерекше бақылауда", – деді Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Руслан Қайрақбаев.