Қызылорда облысы Қармақшы ауданында жер дауы ушығып тұр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жүздеген тұрғын күріш егумен айналысатын қожалықтағы жер үлестерін ала алмай сергелдеңге түскен. Айтуларынша, шаруашылықтың төрағасы не түскен пайданы халықпен бөліспейді, не ауылға жағдай жасамайды. Енді өздеріне тиесілі жерге өнім егіп, күн көргісі келген қараша аудан әкімі бізге кедергі келтіріп отыр деп ашынады.
Жер үлестеріне қол жеткізе алмай жүрген ІІІ Интернационал ауылының тұрғындары наразылыққа шықты. Айтуларынша "Достық жер МК" қожалығына үш жыл бұрын төраға келгелі халықтың жағдайы қиындаған. Басшы күріштен түскен пайдамен өз жақындарын ғана жарылқайды деп жұрт ашулы. Оның үстіне ала жаздай тер төккен егіншілерге кейінгі айлардың жалақысы да төленбеген көрінеді.
"Мынадай адамның құқығын жерге таптайтын бастықтарды көрген жоқпын. Өзінің туыстарына ғана құрмет көрсетеді. Басқалар әйтеуір бір сиырды ұстауға халіміз жоқ қазір. Дивиденд дегенді көрген жоқпыз", – деді үлескер Ақшагүл Созақбаева.
200-ден астам үлескер өздеріне тиесілі мыңнан астам гектар алқапты қайтарып алу үшін заңдылыққа сәйкес барлық құжаттарын рәсімдеп қойған. Енді тек аудан әкімі жерді бөліп беру туралы қаулы шығару керек. Алайда шенеунік бұл мәселені созбалаңға салып келеді дейді көпшілік.
"Қазір енді біздің жерді бөліп алу туралы аудан әкімінде тұр. Бірақ аудан әкіміне барсақ төрағаға бар дейді. Төраға инвесторға жібереді. Инвестор облысқа жібереді. Облыс қайтадан аудан деп халық кәдімгі футбольный доп болды. Біз түбіне жете алмай жатырмыз", – деді үлескер Алтай Мұсаханова.
Ал жауаптылар құжаттарды егжей-тегжейлі тексеріп жатқандарын айтып қысқа қайырды.
"Басшылық тарапынан шаруашылық төрағаларын шақырып сөйлестірдік. Енді ол жақтың "Достық жер МК" шаруашылығының келісім парағы керек. Бұл жағдай бізде бақылауда тұр. Құзырлы органдардың бақылауында тұр енді. Ол жерде ешқандай мәселе болады деп ойламаймыз. Бізде 19 қарашаға дейін заңдылық мерзіміміз бар", – деді Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Әсет Омаров.
Үлескерлер аудан басшылары жерімізді қайтармас үшін әр нәрсені сылтау етіп отыр деп күдіктенеді. Өйткені шенеуніктер "үлестеріңді аласыңдар" деген былтырғы уәдесі де орындалмады дейді. Ал қожалық басшысы сұхбат беруге құлық танытпады.