21-22 қыркүйек Астанада сегізінші TEDxAstana конференциясы өтеді. Осы жылы іс-шара алғаш рет екі күндік форматта ұйымдастырылмақ.
2024 жылғы тақырып — Ğaj[aiyp]: "Ғажап" деген мағынаны беретін бұл сөзде "айып" деген сөз де бар. Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, айып – адамның ерікті түрде арқалаған жүгі, мүлтіксіз емесін еске салып тұратын міні.
Сондықтан ұйымдастырушылар биылғы TEDxAstana конференциясына арқау етіп осалдық тақырыбын таңдаған.
"2024 жылы біз осал тұсы көп әлемде өз осалдығын қабылдауға талпынатын адамдар туралы сөз қозғасақ дейміз. Кейінгі бес жыл әрқайсымыздың жанды жерімізді ашты, тіпті ел болып, әлем болып көп нәрсенің алдында қауқарсыз екенімізді көрсетті. Кейбір осал тұсымызды әлі де "түзетуге" үміттіміз. Сол арқылы біз өмір сүруге, армандауға және айналаны тануға шабыт беретін әлем құрғымыз келеді. Өзіңнің осал тұсыңды, әлсіздігіңді қабылдау өте қиын. Бірақ кемелдік тек солай келеді. Біз нағыз "ғажайып" қай-қайсымыздың болсын өн бойымыздан табылатын мін мен кемшіліктен, ерекшеліктен тұрады деп сенеміз", – дейді TEDxAstana ұйымдастырушылары.
Конференцияға билетті tedxastana.com сайтында сатып алуға болады. Билет құны – 25 мың теңге. Конференция 21-22 қыркүйек өтетіндіктен, билет екі күнге де жарамды.
TEDx – жаһандық TED қорының бүкіл әлемге таратуға тұрарлық идеяларды іздеуге бағытталған жобасы. Арнайы TED лицензиясын қажет ететін конференциялар әлемдегі үш мыңнан астам қала мен университетте өтеді. Елордада TEDxAstana конференциясы энтузиаст-еріктілердің бастамасымен сегізінші рет ұйымдастырылғалы отыр.