Үкім: Лудомания (гемблинг, игромания) – харам.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесі лудоманияға қатысты пәтуа шығарды. Онда құмар ойынға тәуелділік, яғни лудомания, гемблинг, игроманияның жеке тұлғаға және қоғамға тигізер зардабы ауыр екені жазылған.
Зардаптары:
- құмар ойынға тәуелділік отбасының шырқын бұзып, елдің берекетін кетіреді, қоғамды құлдыратады;
- адамның уақытын, мал-дүниесін зая кетіріп, қарызға батырады;
- экономикаға кері әсерін береді, адамның өмірін тек иллюзиямен шектейді;
- бойын жалқаулыққа, масылдыққа, жауапсыздыққа үйретіп, ақша үшін арын, намысын сататын төмен дәрежеге түсіреді;
- жеке тұлғаның жүйкесін тоздырып, тіпті өзіне қол жұмсауға (суицидке) дейін алып барады;
- құмар ойыннан ұтылған адамның өзінің серіктеріне деген көреалмаушылығы, кекшілдігі артады. Осылайша араларында дұшпандық пайда болып, бірін-бірі өлтіруге дейін барады. Құмар ойыны арқылы тапқан ақша біреудің ақысын жеу болып саналады және адал болмайды.
Оқи отырыңыз: "Бәрін сатып жібердім". Құмар ойынға салынған әйелдің хикаясы
"Егер ойынға құмар араласпағанның өзінде оған әуестігі құлшылығына кедергі болса, уақытын зая кетірсе, психикасы мен болмысына зиян келтірсе, өмірлік қажеттіліктеріне тосқауыл болса, сондай-ақ балағат сөздер айтып, ұрыс-төбелеске алып барса, мұндай ойынға шариғатымызда тыйым салынады", – делінген діни басқарманың хабарламасында.
Үкім:
- Лудомания (гемблинг, игромания) – харам.
- Құлшылыққа, отбасылық және басқа да қоғамдық міндеттеріне кедергі келтіретін ойын құмарлыққа тыйым салынады.