Қара жамылған отбасы 24 жастағы Асылханның үйлену тойын бүгінге белгілеген, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қалаға су жайылған кезде 48 жастағы азамат ұлын ертіп, баспанасын көріп келемін деп кеткен болатын. Содан бері тұрғындардан хабар ала алмаған туыстары жер көктен іздеп таппай, ақыры төтенше жағдайлар қызметінен көмек сұраған. Айналаны түгел сүзіп шыққан құтқарушылар марқұмдарды үйлерінен бір шақырым жерден тапқан.
Айта кетейік, Құлсарыда ахуал әлі тұрақталған жоқ. Қазір тасыған өзен суын басқа жаққа бұру және бөгет салу жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, Жайық жағасынан тағы бір ер адамның денесі табылды. Марқұм былтыр маусым айында жоғалған жасөспірім болуы мүмкін деген болжам бар. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды.
«14 сәуір күні құтқарушылар және тұрғындар көмегімен сағат 9 шамасында 1976 жылы азаматтың, сол күні 13:40 шамасында 2000 жылы туған азаматтың денесі судан табылды», – деді Жылыой ауданы төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Қобылан Кенжебеков.
Оқи отырыңыз: 34 000 адам жұмылдырылды: Үкімет су тасқынымен күрес қарқынын арттыра түсуде
Еске сала кетейік, су тасқыны кезінде 1976 жылы туған азамат баласымен бірге тұрғылықты мекен жайына барып, хабарсыз кеткен. Су тасқыны кезеңінде тұрғындарға төтенше жағдайлар орын алған аймаққа рұқсатсыз кіруге болмайды.