Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әлі тергеу изоляторында отыр. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков айтты.
"Қазіргі уақытта сотталушы Бишімбаев түрмеге әлі жабылған жоқ, тергеу изолятиорында отыр. Ол қауіптілігі жоғары түзеу мекемесінде жазасын өтейді", – деді Теңізжан Жәнібеков.
Комитет төрағасының айтуынша, ол колонияға түскен соң 15 күн карантинде болады, әрі қарай тәрбие жұмыстары жүргізіліп, психологтар жұмыс істейді. Басқа жазасын өтеушілер сияқты онымен де кешенді жұмыс жүргізіледі.
Брифингте Жәнібеков журналистердің "Бишімбаев колонияда қандай жұмыс істейді?" деген сұрағына жауап берді.
"Жазасын өтеушілерді жұмысқа орналастырамыз. Бізде кәсіпорын саласында жұмыс істейді, ағаш, темір өңдеу бойынша жұмыс істейді. Қай жерде бос жұмыс орны бар сол жерде жұмыс істейді. Әрбір мекемеде жұмысқа орналастыру бөлімі бар, солар айналысады", – деді Теңізжан Жәнібеков.
Еске салайық, экс-министр Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды.